| 22.02.2007 - Ораз Жандосов: Бағыты жоқ үкімет, бағымыз ба? |
|
Үстіміздегі жылдың 9 ақпанында Кәрім Мәсімовтің басқарған ел Үкіметі 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын Парламент депутаттарының назарына ұсынып, халық қалаулылары баяндама түріндегі бұл құжатты «бекіттік» деп мәлімдеді. Ал, сонда, экономикалық тұрғыдан алғанда елімізді алдағы екі жыл ішінде не күтіп тұр? Осы және басқа да мәселелер бойынша, біз белгілі экономист-қаржыгер, «Нағыз АҚ ЖОЛ» партиясының тең төрағасы Ораз ЖАНДОСОВқа бірер сауал жолдаған едік.
- Ең алдымен, бұл құжат бағдарлама емес, баяндама екенін айтып өткім келеді, - деді Ораз Жандосов. - Яғни, Парламенттің бекіткені баяндама ғана, өйткені, Конституция бойынша Үкіметтің экономикалық мәселелер жөніндегі бағдарламасын бекітетін Президент. Мүмкін, алдағы бір айдың мұғдарында бекітіп қалар... Ал, баяндама тұрғысында айтар болсам, мұндағы көзге бірден түсетін кемшін тұсы - басымдылық жоқ. Үкіметтің ел экономикасына қатысты алға қойып отырған негізгі мақсат-бағдары, басымдылықтары көрсетілмеген. Сол сияқты, баяндамада экономикалық саясатты жетілдіру шаралары бірінші тарауда берілген. Менің ойымша, Үкімет алдымен экономикада жүріп жатқан процестердің нақты мақсатын анықтап, тұжырымдап барып, оны орындау құралдарын, әдістерін, шараларын соңынан көрсеткені дұрысырақ болар еді. Алдымен, әрине, басымдылықтар тұруы тиіс.
- Ал, вице-премьер Аслан Мусиннің, «ел экономикасындағы жағымды процестердің біразы тек инерцияның ықпалымен жүріп жатыр» деп еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштері тұрғысында берген бағасы жөнінде не айтасыз?
- Экономикадағы жағымды процестер шынында да бұрынғы реформалардың арқасында инерцияның күшімен жүріп жатыр. Бұл арада мен Аслан Мусиннің пікірімен толық келісемін. Негізінен, жалпы көрсеткіштердің өсуі - мұнайдан түсетін қаражаттың, яғни АҚШ долларының ағынына, мұнай өндіру ауқымының ұлғаюына, бағаның қолайлы өзгеруінің өсуіне келіп тіреледі. Сондықтан да, бұл арда экономиканың жалпы көрсеткіштеріне емес, сапалы көрсеткіштеріне мән берген жөн.
- Соңғы уақытта, мұнай бағасының әлемдік деңгейде құлдырау мүмкіндігі жөнінде жиі айтылуда...
- Баға бірден құлай қояды деп ойламаймын. Оның сыртында, бізде мұнай өндіру ауқымының артуымен қатар экспорт ауқымы да өсіп отырады. Яғни, мұнай бағасының өсуі саябырсып қалған күннің өзінде (құлдырау дегеннен гөрі), өндіріс ауқымы ұлғая бермек. Ендеше, мұнай, газ секторының жалпы экономикалық көрсеткіштеріне қатысты жағымды ықпал, меніңше 2015 жылға дейін кепілді түрде жалғаса бермек.
- Ал, біздің экономикадағы инерциялық жылжу жалғаса берсе ше?
- Әрине, егер, тек инерцияға ғана сеніп отыра берсек, онда ел экономикасына қиын соғатыны анық...
- Сонда, не істеу керек?
- Бұл арада не істеу керек дегеннен гөрі, неге Үкімет еш шара қолданбай отыр деген дұрысырақ болар. Менің ойымша, Үкімет қазір біршама босаңсып кетті, өйткені, Үкіметке нақты саяси қысым жасап отырған ешкім жоқ.
- Дегенмен, Аслан Мусин «экономикадағы инерцияны» мойындап отыр ғой? Бұған дейін Үкімет жақтан мұндай пікір естіген жоқ едік...
- Бұл, әншейін Үкіметтің ауысуына байланысты Үкіметтің жаңа мүшелері танытып қалатын белсенділік десем, артық айтпаспын. Олар алғашқы кезеңде мейлінше объективті де ашық болып танылғысы келеді. Әйтпесе, бұл жайында Мусинге дейін Үкімет құрамында жоқ тәуелсіз экономистер, саясаткерлер үнемі айтып келген.
- Ораз Әлиұлы, Үкімет өз баяндамасында өткен жылдың қорытындысы бойынша 8,6 процентке бірақ көтерілген инфляция қарқынын 7%-ке дейін түсіреміз деп отыр, ал отандық сарапшылардың біразы инфляция әрі қарай өсе береді дегенді алға тартады. Сіз қалай ойлайсыз?
- Егер, Үкімет дұрыс әрекет жасай алса, жылдық инфляцияны 8,6%-тен 7%-ке дейін түсіруге әбден болады. Өйткені, 7 процент дегеніңіздің өзі әжептәуір жоғары көрсеткіш. Ал, Үкіметтің мұны қалай жасайтыны жөнінде бүгінгі баяндамасына қарап отырып, айта қою оңайға соқпас. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бұл баяндамада басымдылықтар туралы бір сөз жоқ. Өз басым, инфляцияны ауыздықтау жолында міндетті түрде бәсекелестікті дамыту және қорғау мәселесін басымдықтардың бірі деп көрсетер едім. Себебі, ел ішінде мұнайдан түскен қаражаттың ықпалымен көптеген тауар және қызмет түріне деген сұраныс арта түскен. Ал, оған қарсы қолданылар бірден бір шара ұсынысты да сол деңгейге жеткізу. Ұсынысты көтеру үшін экономикада жоғары бәсекелестік қалыптасуы қажет. Ал, бізде қазір мұндай бәсекелестік деңгейі жоқ. Егер, Үкімет осыны ескеріп, бәсекелестік мәселесін негізгі басымдықтың бірі етіп белгілесе, онда жылдық инфляцияны 7 процентке түсірудің еш қиындығы жоқ деп санаймын.
- Статистиканың соңғы мәліметтеріне жүгінсек, еліміздегі құрылыс деңгейі мен қаржы қызметінің көрсеткіші 40%-тің үстіне шыққан. Бұл көрсеткіштің инфляция деңгейіне кері әсерін тигізері анық...
- Әлбетте. Десек те, құрылыс және қаржы саласындағы бұл асақақтаудың қайдан шыққанын, неден басталғанын да ескерген жөн деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай, бұл арада да мәселе сұранысқа байланысты. Яғни, бізде құрылыс саласының өнімі – дайын үй, баспана, офис, кеңсе атаулыға деген сұраныс жетіп-артылады. Қалай дегенмен, мұнайдан түскен доллардан табыс тауып отырған ел азаматтарының бір бөлігі ақшасын баспана салу, кредит, яғни, несие алу, депозитке орналастыру сынды қызмет түрлеріне бағыттағанды жөн көреді. Өкінішке орай, біздің статистикалық агенттік қаржы саласының ішіндегі инфляция деңгейін анықтаумен шұғылданбайды. Ал, онда, менің ойымша инфляция жоқ болуы да мүмкін, өйткені, мұндағы бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Банктердің өзара бәсекелестігі бар, инвестициялық қорлар мен сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары – бұлардың бәрі де тұрғындарға бір-бірімен бәсекелесе отырып, қызмет көрсетеді. Сондықтан да, қаржы секторындағы қызмет құны аса жоғары емес. Керісінше, құрылыс саласында, ең алдымен бұл саланың негізі факторы саналатын жер алу мәселесінде бәсекелестік деген атымен жоқ. Бұл жайында біз бұрыннан бері айтып келеміз. Осының салдарынан, сұраныс пен ұсыныс деңгейінің арасында әжептәуір алшақтық бар. Бұл – бағаның өсуіне, яғни, тұрғын үй мен офистердің шаршы метрінің қымбаттауына әкеліп соғуда.
Әсия АҚЫШЕВА,
«ҚАЗАҚСТАН», №7(147)
|