Қызметі         
 
 

 
 
 
  • Мәлімдемелер, үндеулер
  • Баспасөз-мәліметтері, хабарламалар
  • Біздің жаңалықтар
  • Бастамалар мен заңжобалары
  • Iздеу  
    СIЛТЕМЕЛЕР  
    -
    ОСДП АЗАТ / Қызметі / Біздің жаңалықтар / 27.02.2007 - Елбасын «қазақбашы» жасау кiмге керек?
    27.02.2007 - Елбасын «қазақбашы» жасау кiмге керек?
      Версия для печати

    «Қазақстанның бiрiншi президентiне билiкте өзi қалағанша отыруына мүмкiндiк беру керек». «Хабар» арнасының «Бетпе-бет» бағдарламасында Конституциялық реформа туралы толғанған мәжiлiс депутаты, «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесiнiң мүшесi Ромин Мәдинов осылай деп салды.

    Р.Мәдиновтың осы айтқаны бойынша, бiрiншi президентке қалағанынша тақ берiледi-берiлмейдi дегендi талдамас бұрын осындай пiкiрдiң қандай қисынмен бой көтергенiн аңдап көрмекке бел будық. Бiрiншiден, елбасын ендiгi жерде «қазақбашы» жасау жайы Р.Мәдиновтың таза өз ойы және тактикалық жүрiсi болуы мүмкiн. Қазiр мәжiлiс мерзiмiнiң тең жартысын тауысып бiттi. Есi бар депутаттар келесi мандат жайын ойластырып, желкесi сайлаушыларына бұрылмай, үндемейтiн жерде үндемес боп жүр. Р.Мәдиновтың қолында бұрыннан көзiрi бар едi. Кiм қалай айтса да, «аты бар заты жоқ» десе де, Аграрлық партияның төрағасы қызметiн атқарды. Әкiмшiлiктiң қолынан түспейтiн қорғасын құйылған сүйкiмдi сақадай едi. Онысынан да жұрдай болды. «Отан» Аграрлық партияны қоса «жұтып» қойғалы Р.Мәдинов «Нұр Отанның» қатардағы бiр саяси кеңесiнiң мүшесi боп, әкiмшiлiктiң алдында салмағы да, қажеттiлiгi де азайып қалған секiлдi. Саясат таразысында «сүйкiмiн» кетiрiп алған Р.Мәдинов ендi жаңаша тактика таңдаған сияқты. Ол жүрiсi тiптен қарапайым. М.Көпейдiң жолына ұқсайды. Естерiңiзде болса, 1990 жылдардың аяғына таман депутат М.Көпей президенттiң мерзiмiн 5 жыл дан 7 жылға арттыруды ұсынды. Осыдан кейiн М.Көпей сүрiнген жоқ. Анығында сүрiнсе де, құлаған емес: Мәжiлiс төрағасының орынбасары болды. Мерзiмi бiткенде ауылына барып дауысқа түскен едi, сайлаушылары сайламай тастады. Бұдан М.Көпейдiң «құны» артпаса кемiмей, жарты жыл өтпестен министр, одан кейiн сенат төрағасының орынбасары болып шыға келдi. Басқа басқа, осындай сара жолдың сағымын Р.Мәдинов оңтайлы көрiп отырған болуы керек. Осындай бақай есеп тойған қозыдай томпиып жүретiн, журналистермен оңай тiлдесе қоймайтын Р.Мәдиновты «Бетпе-бетке» алып келiп, жоғарыдағыдай сөз айтқызуы мүмкiн. Екiншiден, елбасын ендiгi жерде «қазақбашы» жасау жайы тек қана Р.Мәдиновтың алдына қойған мақсаты болмауы мүмкiн. Р.Мәдинов, жоғарыда айтқанымыздай, партиясыз қалса да, нансыз қалған жоқ. Бейресми ақпарат көздерi Р.Мәдиновтың дәулетi ешкiмнен кем емес екенiн айтады. Тiптi оның «нанның патшасы» деген лақап аты да бар екен. Ұзынқұлаққа сенсек, астықты өңiрлердегi наубайхана мен диiрмендердiң 90 пайызы, 700 мың гектарға жуық жер осы «нан патшалығының» қарамағында дейдi. Бұл ақпараттың рас-өтiрiгiн заңды түрде анықтау бiз үшiн қиындау болып тұр. Дегенмен, Р.Мәдиновтың өзi анабiр жылғы сұхбаттарында партиясын астық барондары қаржыландырып отырғанын ашық айтқан едi, сонысы бұл сөздi растайтын секiлдi. Жалпы, ақшасы жоқ адам бiр-екi күндiк күнкөрiсiнiң қамымен ғана жүредi. Ал ақшасы мол адам 10-20 жылғы тiршiлiгiн алдын ала ойлап, соған орай әрекет етедi. Бiздiңше, Р.Мәдинов пен оның айналасындағы серiктерi де осындай ұзақ мерзiмдегi тiршiлiктерiн қамдап отырған тәрiздi. Бұл не деген сөз? Қалай айтсақ та, қолданыстағы Конституция Н.Назарбаевтың президент ретiнде соңғы мерзiмде отырғанын айтады. Бұлай болса, Н.Назарбаевтан кейiн президент кiм болады? Р.Мәдиновтарды осы сұрақ қатты алаңдатып, тiптi қорқытып отырған болуы мүмкiн. Себебi, өз араларында елдiң алдына шығып, сөзiне жұртты елiте алатын, халықтың қолдауына ие болады дегендей саяси тұлғалары жоқ. Ал өзге ортадан шығатын болашақ мұрагермен немесе үмiткермен тiл табыса алмай қалса, осыған дейiн жиған дәулетi мен сәулетiн ерiксiз күннiң көзiне шығаруына тура келедi. Бұлай болмаса да, бел шешпей бәсекелестерiмен күресулерiне уақыт итермелейдi. Яғни, елдегi алпауыттар Н.Назарбаевтың құрметтi зейнет демалысына шықпай, белiн шешiп демалмай, отбасында, немерелерiнiң шат күлкiсiнiң ортасында отырмай, ұзақ мерзiмде ұйқы көрмей, ұшақтан түспей, президент боп жүре бергенiне мүдделi. Үшiншiден, елбасын ендiгi жерде «қазақбашы» жасау жайы Р.Мәдиновтың немесе сол сияқты белгiлi бiр алпауыт топтардың мақсат-мүддесi де болмауы мүмкiн. Р.Мәдиновке бұл сөздi әдейi айтқызып отырғандар бар шығар, бәлкiм. Саяси мақсатқа қол жеткiзу үшiн. ЕҚЫҰ-ға 2009 жылы төрағалық етуге Қазақстан өзi өтiнiш бердi. Яғни, президент Н.Назарбаев алдына осындай амбициялық талап қойды. Н.Назарбаев басқарған кезде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болуы тарихта алтын әрiппен жазылары хақ. Бiрақ, ЕҚЫҰ-ға төраға бола салу оңай шаруа емес екен. Ол үшiн экономикамен қатар, саяси реформаларды жетiлдiрiп, сөзге бостандық берiп, адамдардың құқын қорғайтын сот жүйесiн дамытып, денi дұрыс азаматтық қоғам құрып, саяси бәсекелестерiн қудаламай, құрметпен қарап, осы тұрғыда басқа елдерге үлгi көрсету қажет екен. Былтыр ондай межеден көрiне алмай қалдық. Төраға ету-етпеу жайын ЕҚЫҰ бiр жылға шегерiп қойды. Мүмкiндiк бердi. Бiр қызығы, бұрын-соңды осындай мүмкiндiк басқа елдерге берiлмеген екен, бiзге ерекше iлтипатпен қарады. Оған себеп те жоқ емес. Қазақстан 50 жылдан кейiн таусылып бiтетiн мұнай мен газға ғана емес, алдағы ғасырларда қуат беру көзiне айналатын уранға да бай ел. Яғни, Еуропа Қазақстан үшiн есiгiн тарс жауып тастағысы келмейдi. Және Қазақстанның да Еуропа үшiн ашқан терезесi жабылып қалмаса екен деген тiлекте. Бұл тiлектi жуырда ғана Ресей президентi В.Путин еселеп үлкейтiп бердi. Оның Мюнхендегi саммитте АҚШ пен НАТО-ның Ресейге жақын аймақтарда қанат қағысына айтқан сынын сарапшылар «екiншi салқын соғыстың басы» деп жүр. Қалай десек те, Путиннiң сол саммиттегi сөзi Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болуына мүмкiндiк берген секiлдi. «Егер осы жылы Қазақстанның тағы да қолын қағып тастап, ЕҚЫҰ-ға төрағалықты бермей қойсақ, олар Тәжiкстан, Fзбекстан, Түркiменстанның қатарына қосылып алып, Еуропаға ашқан терезесiн жауып тастайды да, Ресейдiң ықпалына түседi» деп, Ақ үйдегiлер секемденуi мүмкiнау. Сондықтан да, олар Ақордамен мейлiнше жылы сөйлесуге ынталы. Дегенмен, мемлекеттiк комиссияның соңғы отырысындағы қорытынды Қазақстандағы демократиялық реформа АҚШ пен Еуропа қауымдастығы њәм қазақ жұртшылығы күткендей қарқынды дами қоймайтынын көрсетсе керек. Яғни, ЕҚЫҰ “бiр жыл берген мүмкiндiктi ақтамадыңдар” деп сын айтатын болса, оларды сабасына түсiретiн жауап бiзде дайын: “осыған да риза болыңдар!” “Әйтпесе, бiздiң халық «қазақбашылықты» қолдап отыр!” Бұл уәж күлкiлi көрiнетiн де шығар, бiрақ қазiргi геосаясаттағы өмiр сүру ережесiн Ресей күрделендiрiп, қойыртпақтап жатқанда, АҚШ пен Еуропаның Орталық Азия елдерiнен кеңiнен қолдау табары қиынға соғатын түрi бар. Ақорда маңындағылар осы сәттi жете түсiнiп, елбасын ендiгi жерде «қазақбашы» жасау жайын Р.Мәдиновке саяси астар есеппен айтқызып отырған да болуы керек. Қалай да болса, ЕҚЫҰ-ға төраға болуы үшiн. Төртiншiден, «Хабардың» артында тұрғандар осындай әдiспен соңғы оқиғаларға байланысты үлкен кiсiге «ашубасар» жасауы да ғажап емес. P.S. Р.Мәдиновтың пiкiрiне Н.Назарбаевтың қалай қарайтыны бiзге әзiрге белгiсiз. Бiрақ, “Н.Назарбаев секiлдi ел басқаратын тұлға жоқ” деген сөз, бiздiңше, Н.Назарбаевтың беделiне нұқсан келтiретiн секiлдi. Себебi, елдi ойлаған, халқының болашағы үшiн бел шешпеген басшы шәкiртсiз, iзбасарсыз болмаса керек-тi.
    «Жас Алаш» газеті
     
       
    "АЗАТ" Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясы - 050000, Алматы қ-сы, Қажымұқан к-сі, 70. Тел. +7 727 296 52 22