| 01.03.2007 - Қаржы полициясының әбүйірін Анастасия ашты |
|
Ақпанның соңғы күндері «Бутя-капитал» жекешелендіру қорының үстінен жүріп жатқан сот процесінің кезекті отырысы болып өтті. Алайда, кейбір арыз берушілер өздерінің қаржы полициясы тергеген кезде «айтқандарынан» бас тартып, айыпталушыға деген ешқандай талаптары жоқтығын жеткізді.
Қаржы полициясының үлгісімен...
26 ақпанда өткен отырыс тек қана жәбірленуші жақтың сөзін тыңдауға арналды. Нәтижесінде, жинап-терген 18 жәбірленушінің үшеуі сот алдында жазған арызынан айнып шықты. Соған қарап, қаржы полициясының қызметкерлері қарапайым салымшыларды «Бутя-капиталға» қарсы шығуға үгіттеген сияқты десек, қатты қателесе қоймаспыз. Және, тәуелсіз сарапшылар айтып жүргендей жауап алу барысында заң бұзушылық әрекеттердің орын алғаны рас. Мысалы, Юрия Баринцева есімді азаматшаның сөзіне құлақ түрсек, қаржы полициясының мамандары оған былай деген: «Арыз жазыңыздар да, біздің шақыртуымызды күтіп отырыңыздар. Содан кейін тиесілі ақшаларыңызды аласыздар». Бұған қоса жәбірленуші Лариса Бородинаның бірінші курста оқитын студент қызы Анастасия сот үстінде мынадай сөз айтып қалды: «Мен ешқандай да хаттамаға немесе қандай да бір басқа құжатқа қол қойған жоқпын. Және анама да менің атымнан қол қоюға сенімхат берген емеспін. Сол себепті өзімді арызданушы санамаймын».
Міне, осындай олқылықтардың заң орындарынан да табылып жататынын қайтесіз. Біреуді жауапқа тартқысы келетін әділеттісымақтар бірінші кезекте өздерінің кейпіне неге қарамайды?
Жалпы, «Бутя-Капитал» қорына қатысты қозғалған 135 томнан тұратын іс бойынша басталған соттың өтіп жатқанына да жарты жыл болып қалыпты. Көпшілік, «соттың артында Болаттың оппозициядағы белсенділігі тұр, билік оған осыдан келіп шүйлігуде» дегенініен жаңылар емес. Негізінен, Болатты қудалау «шарасының» басталғанына да табаны күректей бес-алты жыл болыпты. Біресе, біріміз танысақ, біріміз танымайтын Тінекеевтей депутаттың «ар-намысына тиді» десе, екіншісінде «полиция қызметкерін қорлады» дейді. Оның сыртында, «рұқсат берілмеген митингілерге қатыстың» деген айыпты да енгізіп қойған.
Енді, міне, Болат үшін тауқыметке, өкімет үшін қойылымға айналған бұл сот та өзінің соңғы шегіне жетіп қалса керек. Қарап отырсақ, бұл сот бейне-бір трагикомедия дерсің. Және де соттың әр отырысынан соң оны ұйымдастырушылардың арты ашылып, абройы айрандай төгіліп жатыр. Басқаша айтуға келмейді.. «Жәбірленуші» кейпіндегі куәгерлерден жауап алу басталғанда, 135 томнан тұратын «қылмыстық іс» құман салынған ойыншық үйшік секілді шетіней бастады. Оны дәлелдейтін айғақ дегеніңіз жетіп артылады. Мәселен, сот басталғалы талапкер-куәгерлердің біразы өз арыздарын Қаржы полициясы «ұсынған үлгі» бойынша жазуға мәжбүр болғанын айтып келеді. Соңғы отырыстарда белгілі болғандай, талапкерлердің бірқатары өз арыздарынан бас тартып, арыз-талаптарын кері шақыртып жатыр. Яғни, олар «Бутя-Капитал» қорына да, Болатқа да еш бұйымтайымыз жоқ деп отыр.
Қайда барсаң Израиль...
Соттың алғашқы күнінен-ақ процеске үзбей қатысып келе жатқан басты жәбірленушінің бірі Владимир Григорьев 26 ақпанда: «Болатты осы жерде тыңдағаннан кейін, оның кінәсі жоқ екеніне көзім жеткендіктен мен енді оған ешқандай талап қоймаймын» - деп, сот залынан шығып кетті. Қалған куәгерлер де осыны айтып жүр. Тек, Рима Коломейцева есімді талаптанушы Қорға салған 10 купонына алған 500 теңгені азсынып, арызынан бас тартпайтынын білдірді. Заңды былай қойғанда, қарапайым логика бойынша, ақшасын алған адам Қорға еш кінә таға алмайды. Егер, ол «Бутя-Капиталға» 100 купонын бірдей салған болса өзгелер секілді 5000 теңге алар еді. Айтпақшы, Коломейцева да өз арызын жоғарыда айтылған «үлгіге» қарап жазыпты, тергеуші, тіпті, оның үйіне өзі барған. Айтқандай-ақ, «Қалған 90 купоныңыз салынған қорлардан неге ақша талап етпейсіз?» деген сауалға «Бутя-Капиталдағы» 10 купонға «арызданған» азаматтар бұл сауалды тергеушілерге қойғандарын айтып жатты. Ал, қаржы полициясының тергеушілері: «Алдымен «Бутя-Капиталды» жөнге салып алайық, содан кейін басқа қорларға кірісеміз...» деген екен. Сол сияқты, адвокаттардың бірі, «КСРО заманында «Сбербанкке» салған ақшаларыңызды Үкіметтен неге талап етпедіңіздер?» деген сұраққа не прокурор, не судья жауап бере алған жоқ. Сауда саласында жұмыс істеген Елена Мельникова есімді «жәбірленуші» болса, қолында ешқандай сенімхаты болмаса да, марқұм болған әкесінінің купондарына ақша алу мақсатында арызданғанын алға тартты.
Ең қызығы, дәлірек айтсақ, Қаржы полициясы үшін масқарасы – осы істі жүргізген тергеуші 1998 жылы Израильге көшіп кеткен Тимофей Галядь есімді азаматтың атынан шешесіне 2006 жылы арыз жаздырып, «Бутя-Капитал» қорын сотқа беруге көндіргені де сотта анықталды. Тергеушінің «сауатсыздығы» мұнымен шектелмей, ол №041 Қорға («Бутя-Капитал) өз купондарын мүлдем салмаған Тимофейдің шешесі Людмилаға да «Қор басшылары менің ақшамды қымқырып жеп қойды, сондықтан оларды соттау керек» деген мағынада арыз жаздырған. Тағы бір жәбірленуші (В. Филатова) жекешелендіру купондарын тұрғын үй купондарымен шатыстырып арыз жазған көрінеді.
Қазақстан өзін әлем алдында зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде тынытпақ. Билік осыны мақсат етіп отырмыз дейді. Алайда, осындай демократиялық мемлекетте өз азаматын саяси көзқарасы үшін соттамақ түгілі, оның үстінен қылмыстық іс ашып, қудалауға да батпайды. Ал, бізде саяси негізде соттап, түрмеге отырғызу күнделікті үдеріске айналып бара жатқан сыңайлы. ОБСЕ не дер екен? Сіз не дейсіз?
Темірлан ҚҰМАТАЙ, Шәріп ҚҰРАҚБАЙ,
«Қазақстан» газеті
|