| 29.05.2007 - Ораз Жандосов: Президент бұл қадамға Рахаттың бүгiнгi тiрлiгi үшiн емес, өзiнiң келешектегi қадамы үшiн барып отырған болуы мүмкiн. |
|
— Президент құқық қорғау органдарына еркiндiктi жайдан-жай берiп отырған жоқ. Рахаттың қылығына президент әбден тойып бiттi. Ұсақ-түйегiн айтпағанда, үш рет iрi саяси оқиғаға Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаева тобының қатысы болды. Елдегi iрi саяси күштердiң, қаржылық-өнеркәсiптiк топтардың барлығы дерлiк Рахат Әлиевке қарсы. Бизнесмендер оны әу бастан жек көредi. Сол себептен президент Рахатты өзiнен, өзiнiң отбасынан аластағысы келiп отыр.
«Жас Алаш» газеті, 29.05.2007 ж.
Дегенмен, кiнәсi нақпа-нақ дәлелденгеннiң өзiнде, Рахат ел қатарлы жазасын тарта қоймайтын шығар. Көмекшiлерiн, атқосшыларын алдыңғы қатарға шығарып, өзiнiң құтылып кетуi әбден мүмкiн.
Екiншi бiр болжам бойынша, президент бұл қадамға Рахаттың бүгiнгi тiрлiгi үшiн емес, өзiнiң келешектегi қадамы үшiн барып отырған болуы мүмкiн. Таратып айтар болсақ, президент осы жолы Рахатты Дариғадан ажыратпақ. Рахаттың жанында жүрiп сүйкiмi кеткен Дариға «тазарады», төрт-бес жылдың iшiнде бедел жинайды, болған-бiткеннiң бәрi ұмытылады, сол кезде президент Дариғаны мұрагерлiкке үмiткер етедi. Мұндай да болжам бар.
— «Рахат Әлиев баспасөз мәслихатын өткiзедi, елдегi саяси жағдайға баға бередi» деген ақпаратты басқа емес, сол Рахаттың тiкелей ықпалындағы «КТК» арнасы таратты. Баспасөз мәслихаты өтпей қалды. Артынша «келiссөздер жүрiп жатыр екен» деген әңгiме тарады. Бiлетiндер Рахаттың қолында компромат көп екенiн айтады...
— Рахаттың қолында кереметтей «құнды» компроматтар бар екенiне сенбеймiн. Бәрi ескi-құсқы, бұрыннан айтылып жүрген әңгiмелер шығар.
— Осы қақтығыстың көлеңкесiнде 2001 жылғы оқиға су бетiне қалқып шығуы мүмкiн бе?
— Шыға қоймас. Рахат қысым көрсеткендер Ғылымовпен, Темiрәлиевпен шектелмейдi. 1995 жылдан берi қарай ол көп адамның кәсiбiне көз алартты. Бiразын тартып алды да. Сол кезде нәпақасынан айырылып алып, ашынып жүргендердiң iшiнен 5-6 адам шығуы мүмкiн. Дегенмен, оған сенiм аз. Бiздiң халықты бiлесiз ғой, бүгiнiне тәубешiлiк етiп, отыра бередi.
..Ал саяси күштердiң ауысуына келсек, елдегi кландық топтардың жiктелуi Алтекеңнiң қазасынан кейiн-ақ өзгерiп кеткен. Кiм күштi, кiм әлсiз, сол кезде белгiлi болып қойған. Дәл бүгiнгi күнi президент жақсы формада. Билiкке деген инстинкт ол кiсiде өте жақсы дамыған. Сондықтан ендiгәрi де баяғысынша саяси топтарды бiр-бiрiне жегiзбей, бiр-бiрiне талатпай, бiрiнiң ықпалын артық, екiншiсiнiкiн кем етпей, тең дәрежеде ұстайды.
«Жас Алаш» газеті
|