Қызметі       
 
 

 
 
 
  • Мәлімдемелер, үндеулер
  • Баспасөз-мәліметтері, хабарламалар
  • БАҚ жарияланымдары
  • Бастамалар мен заңжобалары
  • Iздеу  
    СIЛТЕМЕЛЕР  
    -
    «АЗАТ» Қазақстанның Демократиялық Партиясы / Қызметі / БАҚ жарияланымдары / 08.06.2007 - Рахаттың шатағы Болаттың сотына да ықпал етке бастаған сияқты
    08.06.2007 - Рахаттың шатағы Болаттың сотына да ықпал етке бастаған сияқты
      Версия для печати

    Кезек аудиторларға да жетті. Бірақ олар да «қылмыс жасалды» деп кесіп айтқан жоқ.

    Рахаттың шатағы Болаттың сотына да ықпал етке бастаған сияқты

                    Себебі соңғы үш сот отырысының берекесі қашты. Дәлірек айтсақ, сотқа күніне 10-15 адамнан шақырылса да, олардың 3-4 ғана келіп жүр. Кейде тіпті ешкім келмегендік, сот болмай да қалып жатыр.

    «Аққа Құдай жақ»

     

                    Болат Әбілев пен оның бұрынғы бизнес-серіктерінің үстінен өтіп жатқан сот «марафоны» туралы баяндауымызды одан арман жалғастыратын болсақ, осы аптада бар-жоғы 7-ақ куәгерден жауап алынды.

                    Соның өзінде дүйсенбіде (28.05) ешкім келмегендіктен, сот болған жоқ. Ал сейсенбідегі (29.05) сотқа бар-жоғы екі-ақ адам келіп, олардың ешқайсысы «Бутя-Капитал» қоры басшыларына қарсы көрсетулер бермеді. Керек десеңіз, сотқа куәгер ретінде келген әріптесіміз Тыныс Өтебаев 1991 жылы Қазақ телерадио корпарациясында жаңалықтар редакциясының бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезінде Болат Әбілевке келіп, корпорацияның ауыр жағдайын түсіндірген соң, Бөкеңнің сөзге келместен редакцияға жаңа «РАФ» микроавтобусын сыйлағанын және содан-ақ Болаттың нағыз ер азамат екені көрініп тұрғанын айтып, алғысын білдірді.

                    Сол сияқты «Бутя-Капитал» қорында (ИПФ) аз уақыт қана жұмыс істеп, сот өтіп жатқан мәселеден еш хабары жоқ адамдарды да куәгер ретінде жауапқа тартып жатыр. Айта берді, адвокат Розенцвайг «еш нәрсе білмейтін куәлерді бекерден-бекер шақырып, уақыт шығындаудың қажеті қанша?!» деп сотта бірнеше рет мәлімдеме жасағанымен, судья оған құлақ аспады.

         Ал өткен аптаның жұма күні (25.05) өткен сотқа  біршама адам жиналған еді. Олардың арасында 3 жәбірленуші және 3 куәгер болды. Бірақ олар да Болатқа да, басқа айыпталушыларға ешқандай талаптары жоқ екенін білдірді. Нақты айтсақ, үш жәбірленушінің екеуі (Раиса Шарипова мен Евгений Асанов) Қаржы полициясы тергеушілерінің қатты үгіттеуімен қор басшылырының үстінен қылмыстық іс қозғауға, амнистияға жатқызбауға және материалдық өтемақы төлеп беруге қатысты үш арыздан жазғандарын, бірақ артынан өздерінің қателескендерін мойындап, ол арыздарынан бас тартатындары туралы тағы арыз жазғандарын айтты. Тіпті сотта да сол сөздерін қайталап, тағы да арыз жазып берді. Тек бір жәбірленуші – Оксана Квяткова қорға өткізген 20 купоны үшін тиесілі ақшасын төлеп беруге қатысты арызын күшінде қалдырып, қалған арыздарынан бас тартты. Сотқа келген үш куәгер де қор басшыларына қарсы көрсетулер берген жоқ.

         30 мамырда өткен сотқа 5-ақ куәгер келді. Олар да Қор басшыларына қарсы көрсетулер берген жоқ. Керек десеңіз, 1997-2004 жылдары «Бутя-Капитал» қорында алғашында менеджер, сонсоң қаржы директоры болып қызмет атқарған Рүстем Кенбаев (куәгер) залда отырған жанышырлар мен прокурордың, судья мен адвокаттардың Үкіметтің Қорға қарсы қолданған қаржылық «құйтырқылырын» айтып беріп, бәрінің «көзін ашты».

     

    Бәрі айқын болса да, сот әлі жалғасуда...

                    Бұдан бұрынғы соттар сияқты, соңғы үш сот отырысы да, прокуратура мен сот күткендей нәтиже берген жоқ. Көбіне 2-3-ақ адам келетін, ал кейде тіпті ешкім келмей қойып жатқан сотты одан ары жалғастырудың қандай мағына-мақсаты бар (?) деген сұрақты біз бұдан бұрын да жиі қойып келгенбіз. Ал соңғы сот процестерін көрген соң, бұған дейін де елден естіп жүрген «Билік бұл сотты Болатты оппозициялық белсенділігіне бола жазалау үшін әдейі ұйымдастырып отыр. Сондықтан бұл саяси сот» деп жүрген тұжырымға сеніміміз күшейе түсті.

        Оның үстіне соңғы кезде Болаттың сотына «Рахат Әлиевтің шатағы» қосылып, биліктің онсыз да басы қатып кеткен сияқты. Судьяның да сотты тездете түскеніне (осы аптадан бастап сот процесін күн сайын өтіп жатыр - бейсенбіден басқа күндері) және Б. Әбілев денсулығын қарату үшін келесі дүйсенбіге дейін сұралса да, оған рұқсат бермей қойғанына, сондай-ақ сотта орын алып жатқан басқа да «ұсақ-түйектерге» қарап, «Болаттан тезірек құтылайын» деп жатыр ма ой келеді (бірақ қалай «құтылатыны» әзірге белгісіз).

                    Оның үстіне Рахаттың «әлегінен» соң, Болаттың үстінен өтіп жатқан сотының түпкі мақсаты мен саяси астарын куәгерлер де түсіне басағанға ұқсайды. Өйткені, бұған дейін жәбірленушілер мен куәгерлерді сотқа прокурорлар мен хатшы қыз шақырып жүрсе, 29 мамырдағы сотта судья Исақанова оларға сенбей, кугерлерді телефонмен өзі шақыра бастағанда, олардан ұрыс пен боқтық араласқан ауыр сөздер естігенін өзі айтып қалды.

                    Соған қарағанда, жұрттың бәрі біліп отырған нәрсені, судья мен прокурорлардың түсінбей келе жатқанына таңданбасқа амалың жоқ?!.

     

    Шәріп ҚҰРАҚБАЙ

             

     

     

    Кезек аудиторларға да жетті. Бірақ олар да «қылмыс жасалды» деп кесіп айтқан жоқ.

     

                    Болат Әбілев пен оның екі серігінің үстінен өтіп жатқан сот «үлкен» үзіліс жариялап барып (30 мамырдан), 6 маусымда бір-ақ жалғасты. Оның себебі де түсінікті. Біз бұған дейін де жәбірленушілерден сотқа ешқайсысы келмей қойған соң, куәгерлерден жауап алуға кіріскенін, бірақ олардың да мандыртып келмей жүргені (2-3-ақ адамнан) туралы үнемі айтып келеміз.

     

    Қаржы полициясының тапсырысымен...

     

                    Ал 1 маусымда өтуге тиіс сот отырысына бір-ақ куәгер келгендіктен және «сотталушы» Бауыржан Қарабеков ауырып қалғандықтан, келесі аптаға қалдырылып, ол тек 6 маусымда жалғасты. Айтпақшы, 30 мамырда өткен сот процесінде Б. Әбілев денсаулығын қарату үшін 1 маусымдағы сот отырысын өткізбей-ақ, сотты дүйсенбіден (04.06) бастауды сұрағанда, судья Исақанова оған көнбей қойған еді.

                    Сонымен, 6 маусымдағы сотқа бір куәгер мен екі аудитор ғана келді. Айта берді, куәгер Вера Барашкинаны неге шақырғанын да түсінбей қалдық, себебі ол әйел 1997 жылы бір ай ғана «Бутя-Капитал» қорында кітап түптеушісі болып жұмыс істегендіктен, іске қатысты ештеңе айта алмады.

         Ал аудиторларға ерекше тоқталайық, өйткені сол күні екі аудиторлық ЖШС (ТОО) басшынан жауап алынды. Бірден айта кету керек, осы екі серіктестікті де Қаржы полициясы жалдаған екен. Бірінші болып «Адал-аудит» ЖШС-ның директоры Сәуле Еркенова жауап берді. Ол қаржы полициясының тапсырмасымен 2005 жылы «Бутя-Капитал» қорын қатарынан үш рет тексеріпті. Қордың келісім-шарттары мен қарыз ақшаларының қайтарылуына қатысты бірең-сараң ұсақ кемшіліктер тапқанымен, С. Еркенованың айтқандары: «қарызға берілген ақшаның орны толған (кей жерде ақшалай, ал кей жерде акциялармен жабылған). «Шығыс» пен «кіріс» бір біріне сәйкес келеді. Ақша ұрлау (хищение) немесе қаржыны бас пайдасына жаратқанын айғақтарды тапқан жоқпыз» дегенге сайды.

                    Екінші болып жауап берген«Юнико» ЖШС-ның директоры Наталия Кротованың жауабы да осыған ұқсас болып шықты (ол да 2006 жылы«Бутя-Капитал» қорын қаржы полициясы департаментінің тапсырысымен тексерген). Екі аудитор да өз қорытындысында: қаржы полициясы берген материалдармен ғана жұмыс істеп, өз пікірлерін білдіргенін және қылмыс немесе ұрлық жасалғаны туралы ештеңе жазбағандарын сотта қайталап берді.

     

    Тағы да заң талаптары бұзылған

                    Бірақ бұл жерде мына жайды да айта кету керек: «Аудиторлық қызмет туралы» заңда: аудиторлық тексеріс жүргізетін фирма міндетті түрде тендр бойынша анықталу керек және кез келген кәсіпорынды тексермес бұрын онымен шартқа отырып, тіпті оған басқа бір орган тапсырыс берсе де, тексерілетін компания ол туралы хабардар болып, тексеріске бірге қатысуы керек деп көрсетіліпті. Алайда сот барысында ол талаптардың бірде бірі орындалмағаны анықталды. Мысалы, Болат Әбілевтің өзі аудиторлық тексеріс өткені жайлы тек үш айдан соң естіген. Айта берді, Қаржы полициясы «Адал-аудит» ЖШС-ға тапсырыс бергенде, тексеріс Қор басшылыры үстінен қозғалған қылмысты іске қатысты жүргізіліп отырғанын да ескертпеген.

                    Ең қызығы, сотталушылардың адвокаттары келесі сот отырысында: осы екі ЖШС Қаржы полициясы ұйымдастырған аудиторлық тексеріске тендр өткенін және олардың онда жеңіп шыққанын растайтын құжатты, сондай-ақ қаржы полициясымен жасалған келісім-шартты, сонымен бірге лицензияларын алып келіп көрсетуді сұраған өтініштерінің ішінен судья Исақанова тек соңғы екеуін қанағаттандырып, ал тендрге қатысты өтініш қанағаттандырылмады. Соған қарап-ақ, адвокаттар: бұл екі ЖШС-ның Қаржы полициясымен белгілі бір «жақындықтары» бар деген күдіктерін білдірді. Алайда судья оған мән берген жоқ.         

                    Осындай «ұсақ-түйектердің» өзі-ақ бұл соттың саяси астарын көрсетіп тұрғандай. Және соттың да тым ұзаққа созылып бара жатқаны да күдікті. Осыған орай ел арасында әр түрлі әңгімелер де көбейіп барады. Ал Рахат Әлиевтің «шатағы» мен Конституцияға енгізілген өзгерістер оны одан бетер қыздырып отыр. Мүмкін, «Болаттың сотына» биліктің әлі соңғы нүкте қоя алмай жүргені де сондықтан шығар...

                    Қалай болса да, сот әлі жалғасуда және оның қашан, немен аяқталатынын да әзірге ешкім кесіп айта алмайтын сияқты, тіпті жоғарғы жақта отырғандардың өзі де... Ал келесі сот отырысы 7-ші және 8-ші маусымда жалғасады.

    Шәріп ҚҰРАҚБАЙ

     

     


    "Қазақстан" газеті