|
| ОСДП АЗАТ / Қызметі / Баспасөз-мәліметтері, хабарламалар / 24.06.2008 - «Азат Демократиялық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының «Өзекті заң жобаларын ұсыну жайындағы» БІРЛЕСКЕН (ОРТАҚ) ҰСЫНЫСЫ |
 |
| 24.06.2008 - «Азат Демократиялық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының «Өзекті заң жобаларын ұсыну жайындағы» БІРЛЕСКЕН (ОРТАҚ) ҰСЫНЫСЫ |
|
«Азат Демократиялық партиясы мен
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының
«Өзекті заң жобаларын ұсыну жайындағы»
БІРЛЕСКЕН (ОРТАҚ) ҰСЫНЫСЫ
Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі қарсаңында: билік ел ішінде шынайы демократиялық өзгерістер жүргізуге кірісе ме, әлде әдеттегідей көзбояушылық әрекеттен әрі аспай ма деген мәселенің өзектілігі одан әрі арта түседі. Осы тұрғыда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Қазақстанның «АЗАТ» Демократиялық партиясы төрт түрлі мейлінше өзекті әрі маңызды заң жобасын ұсынады: 1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу; 2. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы»; 3. «Саяи партиялар туралы»; 4. «Бейбіт, шеру, митинг, пикет өткізуді ұйымдастыру тәртібі жөнінде». Біз әзірлеген заң жобаларының негізгі қағидалары төмендегідей.
1. Сайлаушы құқының қорғансыз қалуы (түпкілікті дұрыс қорғалмауы), сайлаушының ерік-ойын жүзеге асыруға кепіл берілмеуі елімізде 2004, 2005, 2007 жылдары өткен сайлау қорытындыларын жаппай бұрмалауға жол беріп, ішкі саяси жағдайдың біршама шиеленісуіне және ел азаматтары мен әлемдік қауымдастық тарапынан қазақстандық билікке деген сенім деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқты. Мұндай жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – саяси бейтараптылықты қамтамасыз етуге бағытталған сайлау процесін құқықтық реттеудің тиімді механизмін жасау. Бұл тұрғыда біз заңда шынайы плюрализмге негізделген сайлау комиссияларының саяси тең әрі тәуелсіз статусын бекітуді ұсынып отырмыз. Біз, сондай-ақ, заңда комиссияның ең аз құрамын 7 адам деп жасақтап, оған сайлауға қатысатын барлық саяси партиялар мен кандидаттардың өкілдері енуі жөнінде талап енгізу керек деп санаймыз. Сайлаушылардың дауысын «әткеншек» әдісі бойынша «ұрлап, жымқыру» фактілері мен алдын-ала әзірленген бюллетеньдерді пайдалану мүмкіндіктерінің алдын-алу мақсатында сайлау бюллетеньдерін бақылау (үзбелі) талондарымен қоса дайындау жөнінде заң жүзінде талап енгізуді ұсынамыз. Заң жобасында үгіт шараларын өткізуге сайлау процесіне қатысушылардың бәріне бірдей тең жағдай берілуі қамтамасыз етілуі тиіс, оның ішінде үгіт материалдарын орналастыруға міндетті түрде орын бөліну қажеттігі де ескерілуі керек. Сол сияқты, сайлаушылар тізіміне қатысты ақпараттар ашық әрі қол жетімді деңгейде болып, сенім өкілдері мен бақылаушылардың құқықтық мүмкіндіктері кеңеюі тиіс. Саяси партиялардың сайлау блоктарына бірігу құқын қайта енгізіп, Мәжіліске өту межесін бүгінгі қолданыстағы 7 пайыздан 5%-ға дейін төмендету ұсынылады. Бір партиялық Парламент құруға жол бермеу үшін заңға негізделген «тетіктер» енгізіледі. Біз, сайлаушылардың санау барысында ашықтық деңгейін қамтамасыз ете алмай, қоғам сенімінен қалған электронды дауыс беру әдісін алып тастауды талап етеміз.
2. Бұқаралық ақпарат құралдары демократиялық, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекетке қызмет етуі тиіс, Қазақстан Республикасы өзін дәл осы талаптарға сай мемлекет санайтынын да ескерткіміз келеді. ҚДП«АЗАТ» және ЖСДП Журналистер Конгресі ұсынған жоба негізінде әзірленген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын ұсынады. Біз Конгрес ұсынған жобаға біраз өзгерістер енгізіп, толықтырдық. Біздің ұсыныстарымыз темендегідей: 1) бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің басты принципінің бірі ретінде «ел ішіндегі иделогиялық және саяси алуандылықты мойындау» дегенді бекіту; 2) БАҚ-ты монополиялауға заңды тұрғыда кедергі орнату; 3) тұрақты түрде жұмыс істейтін – бұқаралық ақпарат құралдарының мәселесі бойынша тәуелсіз Ұлттық Кеңес құру. Ұлттық Кеңес құрамына журналистік бірлестіктер (ассоциациялар) мен телерадио саласынан, мемлекеттік атқарушы органдардан үш өкілден және де әрбір саяси партиядан бір өкілден енгізу ұсынылады. Ұлттық кеңес құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иелері (құрылтайшылары), саяси партиялардың басшылары кіре алмайды. Ұлттық Кеңестің негізгі міндеті – бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік атаулы қолдау (көмек) көрсету мен радио жиіліктерін бөлу және пайдалану мәселесін жетілдіру жөнінде Қазақстан Республикасының заңнамасына жаңа ұсыныстар әзірлеп ұсыну болып табылады.
3. Біз – тұрақты түрдегі партиялық-саяси жүйе құру үшін мемлекеттік басқару сабақтастығын қамтамасыз ететін өркениетті саяси бәсеке мен көппартиялыққа негізделген жағдай жасалу керек деген сенімдеміз. Еліміздегі қолданыстағы заңдарға тиісті өзгертулер енгізбей, бұл мәселені шешу мүмкін емес. Осы мақсатта ЖСДП мен «АЗАТ» (ҚДП) партиясы саяси партия құру және тіркеу барысында төмендегідей заң талаптарын белгілеуді ұсынады: 1) партия құру жөніндегі ұсыныс жалпы саны он адамнан аз болмайтын Қазақстан Республикасы азаматтарынан құрылған топтың еншісінде болуы тиіс, бұл топ – саяси партияның ұйымдастыру комитетін құрып, құрылтай съезін (конференциясын) шақыруы тиіс; 2) ұйымдастыру комитеті өкілетті органды саяси партия құратыны жөнінде ескертіп, оның болашақ атауын көрсетуі тиіс; 3) саяси партияның құрылтай съезі, егер оның жұмысында республика облыстарының жартысынан көбінен, Қазақстан Республикасы астанасы мен республикалық маңызы бар қалалардан делегаттар қатысқан жағдайда құқылы болып саналуы тиіс, ал делегаттардың өкілеттілік нормасын ұйымдастыру комитеті әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасынан үш делегат деген есеппен белгілеуі тиіс (үш делегаттан кем болмауы тиіс); 4) саяси партияны мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін оның құрамында: облыстардың жартысынан көбінде, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасының астанасында жалпы саны 10 адамнан кем болмайтын мүшесі бар құрылымдық бөлімдерді (филиалдар, өкілеттіктер) құрайтын бес мыңнан кем болмайтын мүшесі болуы тиіс. Сол сияқты, жобада саяси партияларды қолдау және саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыру тәртіптерінің жалпыға бірдей жағдайы ұсынылған.
4. Азаматтардың жиын, митинг, шеру, пикет сынды бұқара алдында өткізілетін басқа да акциялар мен шараларды ұйымдастыру құқы – сөз бостандығы мен ой еркіндігінің, өз көзқарасы мен ұстанымын ашық білдірудің фундаменталды кепілі болып табылады, бұл – халықтың әлеуметтік және саяси белсенділігін ашып көрсететін маңызды үлгінің бірі деп түсіну керек. Ал, бүгінгі қолданыстағы «Бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет ұйымдастыру және өткізу тәртібі жөніндегі» заң адам құқының мазмұны мен маңызын аяққа басқан шектеулер мен тыйым түріне жол беріп отыр. Біз ұсынатын заң жобасының басты ерекшелігі – жобада бұқара алдындағы шара, митинг, шеру, пикет сынды ұғымдарға нақты түсінік беріліп, оларды өткізу принциптері жөнінде айтылған. Бүгінгі қолданыстағы заңмен салыстырғанда біздің жобада жергілікті өкілетті органдар жергілікті жағдайды ескеріп жиын, митинг, шеру, пикет өткізу тәртібін қосымша реттей алады деген норма жоқ, өйткені біз жергілікті жерлерде билік бұл қағиданы адам құқын аяққа басу құралы ретінде белсенді түрде қолданып отырғанын үнемі байқап жүрміз. Оның орнына буқара алдында өтетін шараларды өткізу тәртібін ескертіп хабарлайтын норма енгізіліп отыр. Бұқара алдына негізделген шараларды өткізуге жарамды қоғамдық ашық орындардың бәрінде ұйымдастыруға болады, тек аталмыш заңға сәйкес мұндай мақсатта қолдануға тыйым салынған, не шектелген бірен-саран орынды есептемегенде. Ескерту хабарламасын беру мерзімі буқаралық акция өткізілетін күннен 10 күн бұрын емес және 5 күннен кеш емес мерзімде бекіту ұсынылады. Бірақ бірнеше адамнан тұратын топ пикет өткізетін болса, онда өздері белгілеген күннен 3 күннен кеш қалмай ескерту жасауы тиіс. Ал, үш не одан да аз адам пикет ұйымдастыруды мақсат тұтқан болса, бұл үшін билік органдарын алдын-ала ескерту қажет емес.
Бүгінгі монопартиялық парламент пен ел үкіметінің біздің ұсыныстарымызды қабылдау не қабылдамауы билік ниетінің қаншалықты шынайы екендігін анықтап беретін объективті көрсеткіш болары хақ.
|
|