«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН» сайлау блогын құру туралы
«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН» сайлау блогын құру туралы
МӘЛІМДЕМЕ
Қазақстан Республикасының Конституциясына асығыс түрде өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, осындай шапшаңдықпен конституциялық заңдар пакеті қолдау тапқан соң, келесі қадам ретінде Мәжілісті тарату және тез арада қайтадан сайлау өткізілуі әбден мүмкін.
Осы ретте Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен Қазақстанның «Нағыз АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы:
Қазақстан халқының адал әрі жауапкершілікті заң шығару билігін құру туралы ниетін ескере отырып,
алдағы Мәжіліс сайлауында саяси жеңіске жетуді мақсат етіп,
«Әділетті Қазақстан үшін» сайлауалды блогын құратынын мәлімдейді.
«Әділетті Қазақстан үшін» блогы – азаматтардың құқы мен еркіндігін қорғау, қоғамдық-саяси іс-шаралар өткізу, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық проблемалар кешені бойынша заң шығару бастамалары мен ұсыныстарды әзірлеу жөнінде ортақ қызметтің оң тәжірибесі бар демократиялық партиялар негізінде құрылады.
«Әділетті Қазақстан үшін» сайлауалды блогы – Отанымыздың тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын, тоқырауға наразы, елде өзгеріс болуына ат салысқысы келетін, шектен шыққан жемқорлық пен шенеуніктердің бассыздығы мен бетімен кетушілігіне, қоғамның түбегейлі түрде «бай» мен «кедей» болып жікке бөлінуіне қарсы, қазба байлықтарымызды халықтың игілігі үшін пайдалануды, білім алу мен дәрігерлік қызметтің тегін болуын қалайтын елдегі барлық озық ойлы күштер мен азаматтарды біріктіруді мақсат етеді.
Біз – бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың жақсы өмір сүруі үшін, әлеуметтік мемлекет және әділетті қоғам орнату үшін, азамттардың құқы мен еркіндігін қорғау үшін нақты қадамдар жағындамыз!
|
ЖСДП төрағасы
|
«Нағыз АҚ ЖОЛ» ҚДП тең төрағалары
|
|
Жармахан Тұяқбай
|
Болат Әбілев
Ораз Жандосов
Төлеген Жүкеев
|
ЖСДП - «Нағыз АҚ ЖОЛ»
|