| 27.11.2006 - Арнайы тапсырыстың адамы Уәлихан Қалижанұлына сауалдар |
|
Мен «Тасжарған» газетінің 20-санынан «Жақияновқа қастандық жасау жөнінде тапсырма берген кім?» деген мақаланы оқып, қолыма еріксіз қалам алдым. Онда Уәлихан Қалижан деген депутат Ғалымжан Жақияновтың 21-қыркүйекте «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатын 40 күннен кейін шұқшия қарап, «Жақиянов жалған ақпарат берген болса, жазаға тартылуы тиіс!» деген жаңалық ашады.
Жоғарыдағы сұрақты Уәлихан Қалижан бір мәжілісте Бас прокурордың атына депутаттық сауал етіп жолдап, елге жар салыпты.
Мен, әрине, саясаткер емеспін, бірақ көбіне ойлағаным діттеген жерден шығып, айтқаным айнымай келеді. Менің ойымша, Уәлихан мырзаның сұрағының артында арнайы тапсырыс бар. Сондықтан, мен Уәлиханның өзіне мынадай сауалдар қоймақпын:
1. Уәлихан, сен халқыңа шынымен жаның ашитын болса, мынаны айтшы: Өзін-өзі үш рет атқанда да өлмейтін «Өлмесхан» атанған інім Заманбек қаза болғанда неге сауал қоймадың?! Бір жылдан асты, әлі шындық ашылған жоқ!
2. Сен тағы мынаған жауап бер: қаныпезерлер көк желкелерінен атып, айуандықпен өлтірілген менің үш ұлым - Алтынбек, Бауыржан және Василий - туралы кезінде неге депутаттық сауал жолдамадың? Сол қылмысқа қатысы бар адамдар жөнінде Интернетте де жарияланды, онда осы Дүтбаевтың пәмилесі де жүрді... Сен сол кезде неге сауал бермедің?
3. Қазіргі билік енді Болат Әбіловті түрмеге тыққысы келіп отыр. Мемлекеттің халыққа қарызын қайтарған жалғыз сол, осы үшін оны соттамақшы. Ал, көк тиын төлемеген қалған қорлар қайда? Мәжілісте айтқыш болсаң, солар туралы неге сауал қоймайсың?
4. Кәнігі журналист болсаң да Ғалымжанның «Жас Алашта» жарияланған сұхбатын тым «кеш» оқығаның күмән туғызады. Ал, сен Ғалымжанды өлтіруге түрмеге арнайы бір орысты жібергенде қайда жүрдің, соны айтшы?! Дәл сол орыстың түрмеден шығып, кейін сонау Ресейден Ғалымжан туралы жазған мақаласын мен оқығанда сен қайда болдың?
5. Ғалымжанның басына бұлт үйірілгенде, оның шын жанашырлары мен достары сотына да қатысты, кейін түрмеге де барып, хал-жағдайын біліп отырды. Ал, замандасы болсаң, сен сол кезде қайда жүрсің тығылып? Ал, біз, Атырау мен Ақтаудың кемпірлері, үйде отырып, 3 жыл алты ай бойы Ғалымжанның түрмеден аман-есен, дені сау шығуын Алладан тіледік. Оны түрмеден әуелі Алла, періштелері, сосын достары мен халқы аман алып шықты. Сондықтан, сен, Уәлихан! Ғалымжаннан аулақ жүр! Біреулердің тапсырысымен ол туралы депутаттық сауал қоймай-ақ қой! Өйткені, оның ендігі қалған өмірінде азат та еркін, (сен сияқты әркімге жалтақтамай) халқымен бірге тыныш жүруіне мүмкіндік беріңдер! Сен арандатып, оны тағы да түрмеге жабуды көздеп отырсың ғой!..
6. Енді, Уәлихан, сенің сауалыңа мен жауап берейін. Сауалыңа сен биліктен ешқандай жауап ала алмайсың, себебі Дүтбаев болсын, КУИС-тің бұрынғы басшысы болсын, енді ештеңені де мойындамайды. Қазіргі биліктегілер түгел өтірікші, беттері бүлк етпейді! Бюджетке көп ақша түсіп жатыр, себебі оппозиция жігіттерін шетінен соттап, есепсіз айыппұл салып жатыр... Заманбек пен Алтынбекті өлтіретінін білгенде анау айыппұлдарын (50 мың ба, 50 млн. ба?!) төлемеу керек еді, алсын енді моладан барып... Ал, сен, Уәлихан, Қазақстанның барлық түпкіріндегі, әсіресе, Ақтау мен Атыраудағы оппозиционер атаулыны жазықсыз айыптап, қанша айыппұл салғанын зерттеп, неге депутаттық сауал жолдамайсың? Түбінде әділдік жеңеріне сенемін. Сол кезде жазықсыз айыпталғандардың шығынын түгел қайтару керек, ал сол соттар мен прокурорларды түгелдей жауапқа тарту керек!
7. Уәлихан мырза, мен саған тағы бір сауал тауып берейін. Анау Құлсарыда болған түріктер мен қазақтар арасындағы қақтығыс туралы да сен кеш оқыдың ба? Мен кезінде сол қалада тұрғанымда олардың (түріктердің) тәкаппарлығы, қазақтарды менсінбейтіндігі жөнінде көп еститінмін. Олар біздің жерімізді басып жүріп, жігіттерімізді сабайды, еңбекақыларын жейді. Тіпті басынғандары сонша, «күндіз сендерді, түнде қыздарыңды...» деп, қазақтардың ар-намысына тиеді. «Сендерді Назарбаев бізге құлдыққа сатып жіберген», - деп ойларына келгенін жасайды. Билік оларға ауыз аша алмайды! Ал, сол қазақ бауырларымызға араша түсіп, қорған болып сен неге депутаттық сауал жолдамайсың? «Бұзақы» деген айып тағылып жатқан қазақ жігіттерін құтқарып, әлгіндей сөздерді айтып жүрген түріктерді тауып, соттап, милллиондаған айыппұл неге салмайсыңдар?! Сенде осы ар-намыс бар ма, депутат Уәлихан?
8. Атырау мен Маңғыстаудың қазақтары ата-бабасынан туғаннан, бес ұрпағынан бері мұнайшылар. Шетелдіктер бізге мұнайды жер астынан қалай алуды үйретпей-ақ қойсын! Олардың тек техникаларын пайдаланайық, ал адамдарының керегі қанша! Сол түріктердің, орысы бар, басқа да жатжұрттық жұмысшылардың құжаттарын дұрыстап тексерсеңдер шетінен қашып-пысқандар, түрмеде болғандар, елінде теңдік көрмегендер. Атырауда, Құлсарыда болған төбелестерден кейін олардың жасырынып, елдеріне зытқандары да сондықтан. Оларға көп ақша берген соң, әрине, мұрнын шүйіріп, қазақтарды менсінбей, негізі жарымағанын білдіреді. Сен, Уәлихан, жазғыш болсаң, осыларды неге мәселе етіп көтеріп, сауал жолдамайсың?
Жуырда Ақтаудағы бір құрылыста Ресейдің түрмесінен шығып келіп, жұмысқа күн құрғатпай ішіп келетін маскүнем орыс, адал еңбегімен отбасын бағып жүрген, арақ ішпейтін, темекі тартпайтын қазақтың уыздай жас момын баласын тапа-тал түсте бригадирдің көзінше «сенің айлығың менікінен неге көп?» деп жүрегіне пышақ сұғып алған. Айналасындағыларды да пышақпен жасқап, қашып кетті. Әлгі бейбақ қазақ ауруханаға жеткізіліп, операциямен әрең тірі қалды. Ол енді өмір бойы мүгедек, ал оның әйелі, жас баласы бар. «Қалай күн көремін?!» деп басы қатуда. Ал, орысың ұсталған жоқ, кеткен шығар Ресейіне, қайсы бірін айтайын...
Сен, Уәлихан, арнайы тапсырыспен адал азаматтардың артына шам алып түскенде мықтысың, осындайларға келгенде неге көрсоқыр, таскерең болып қаласың?!
Сәлеммен,
Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі,ардагер ұстаз Жақсыгүл БЕКТҰРҒАНОВА
Ақтау қаласы
|