Жаңалықтар       
 
 

 
 
 
Iздеу  
СIЛТЕМЕЛЕР  
-
ОСДП АЗАТ / Жаңалықтар / 08.12.2006 - Бас қылмыскер қайда жүр?
08.12.2006 - Бас қылмыскер қайда жүр?
  Версия для печати

2005 жылдың ақпанындағы қанды оқиғаның орындаушысы деп танылған Рустам Ибрагимов Жоғарғы соттан Бас прокурорымыз Рашид Түсіпбеков пен ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановты жауапқа тартуды сұрап отыр.


Оның айтуынша, бұл екі шенеунік қылмыстық іске қатысты жүргізілген алдын ала тергеу кезінде Ибрагимовке қысым көрсеткен. Естеріңізде болса, қылмыскер Ибрагимов он айға созылған сот ісі барысында кемі он шақты шетелдік және мемлекеттік ірі шенеуніктердің аты-жөнін атап шықты. Олар - Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаева, ҰҚК-нің сол кездегі басшысы Нартай Дүтбаев, Сенаттың спикері Нұртай Әбіқаев, Елбасының Дін істері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі, Ресей азаматы - Кикшаев, көрнекті саясаткерді өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған - Өтембаев, енді міне, Қырғыз елінің премьер-министрі Феликс Кулов пен қырғыздың криминалды «авторитеті» Рысбек Акматбаев дегендердің есімдері аталып отыр. Бұл не, өлім жазасына кесілгеннің «тал қармауы ма», әлде, негізгі қылмыскердің билікке ұмтылушы топтардың тапсырысыменен саудаласып жатқан сиқы ма?

Осы сұраққа жанасатын пікірді Ибрагимовтың қорғаушысы Нұрлан Үстеміров те қозғайды. Ол осыдан біраз уақыт бұрын ғана: «өте маңызды кісілер Ибрагимовтың шағымын қанағаттандырамыз» деп уәде еткенін айтқан-ды. Өтембаевтың шағымына қатысты Үстеміров: «оның иек артатындай еш үміті қалмады. Егер, Өтембаевтың шағымын қанағаттандырар болса, тергеу қызметі мен мемлекеттік айыптаушының құрастырған бүкіл конструкциясы талқандалады. Билік үшін жағымсыз «оппозиция серкесін кім және не үшін өлтірді?» деген сұрақ қайта бас көтермеуі керек» дегенді айтты.

Түбі шындықтың шеті көрінгенше саябырламайтын осы бір саяси астары мықты қанды оқиғаға байланысты ақиқатқа сүйрелейтін дәйектер күн өткен сайын көбейіп келеді. Талдықорғандағы сотта  Мерекенов деген мықты АҚШ-тың Федералды бюро мамандары істің ақ-қарасын анықтайтын детектор арқылы жүргізген тергеу қорытындысын көпшілік назарына ұсынудан бас тартқан болатын. ФБР-дің жинаған деректерін «Америкалықтардың жеке құжаты, оны Қазақстан сотында қолдануға құқымыз жоқ» деген желеумен көрсетпей қойған. Ол құжаттар енді өртеліп кетпесе, дәл бұл күндері біздің биліктің қолында.

Өткен жолы қазақстандық журналистермен кездескен АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джон Ордвей: «Америка үкіметі ФБР-дің жүргізген тергеу құжаттарын Қазақстан билігіне тапсырған, оны әжетке қалай жаратамын десе де қазақстандық сотының өз еркінде» дегенді қадап айтты. Жоғарғы сотта осы жайтты қорғаушы Мусин қозғағаннан кейін Қылмыстық коллегияның төрағасы Әбдірашид Жүкенов оның өтінішін қанағаттандыруға мәжбүр болды. Алайда, алқа отырысының екінші күні прокуратура өкілі жоқ жерден дойыр мінез танытып, сол күні анықталуы тиіс тіркелген барлық өтініш-шағымдарды (оның ішінде ФБР-дің детекторлық тергеуінің нәтижесін қарауға тиіс өтініш те бар) сырып тастап, сот залынан журналистерді аластау туралы мәселені қозғап кетті. Кеше ғана заңды түрде анықтауға тіркелген өтініштер неге қозғалмай қалды? Бұл енді, жауабы жоқ сұрақ.

Тыныш жатқан бейбіт қоғамның ызасын оятқан осы қылмыстық істі анықтап ашу қандай қиын болса, билік үшін оны тып-тыныш жауып тастау одан да күннен-күнге қиямет болып барады. Істің күрделеніп кеткендігі сонша, сырт көзге көрінбеуге тырысып отырған дүмі мықты кісілердің көлеңкелері әр жерден қылаң беріп  қалып жатыр. Еуропаның төрінен дәметіп жүріп, тағы бір жылға демократиялық сынаққа тірелгендер үшін, әрине, бұл - жақсылық емес.

Ал енді, бұл күнге дейін біздің билікке қатысты кісілердің есімдерін біртіндеп атаумен жан сақтап келген қылмыскер Ибрагимов, не себепті қай-қайдағы Қырғыз премьері мен қылмыскерінің аты-жөнін қалқан ғып отыр? Астанадағы коллегиялық алқада Ибрагимов қырғызстандық нөмірлі джиппен Әлішер деген бейтаныс жігіттің келгенін, оның мәшинесіне Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін отырғызып жібергендігін айта келіп, келесі күні кездескенінде, әлгі Әлішер өзінің Бішкектен екендігін, Куловпен бірге жүріп, Акматбаевпен бірге «іс жүргіземін» деп айтқандығын жеткізді. Қоғам назарын басқа жаққа аударғысы кеп, дәл осылай шырғалау кім үшін пайдалы?

Қырғыз астанасындағы дүмпуді біздің арнаулы қызметінің әскері барып басыпты деген әңгімені, қырғыз оппозиционерлерін арандату ісіне біздің ҰҚК-нің қатысқандығын ескерсек, міндетті түрде, өз мұңымызды ұмытып, өзгенің шындығын аршып кетер едік. Алайда, қырғыздан қоспа жасап алдарқату - жаңалық күтіп отырған елің Елбасының кеңесшісі болған Ватикан өкілі Кикшаевты ұмытып кетсін деген қитұрқылықпен жасалып отырған әрекет екендігі бесенеден белгілі. Қазаққа жұт әкелетін шетелдік кеңесшілерді ашуландырмау кім үшін керек боп отыр?

Жоғарғы соттың алқа отырысына осы қылмысқа тікелей қатысты-мыс деп жүрген негізгі фигурант - Өтембаев келмеді. Және онымен қоса бірнеше «арыстандық» сотталушылар келе алмады. Неге? Көк қағаздың шетін қылтитсаң бостандыққа қоя бере салатынын биліктегілердің өздері де мойындап отырған жемқор түрме басшылары аптығып жүріп «арыстандықтарды» Астанадағы отырысқа дер кезінде түп-түгел жинап үлгере алмады ма? Көрінбейтін көкелердің «өллахи-уәдесін» алған Өтембаев, мемлекеттің «Қазақстан-2030» деп аталатын стратегиялық бағдарламасын жасап жүрген Өтембаев, жылға жуық созылған сот ісінен зорығып, демалып жатқан Канар аралдарынан уақтылы жетіп үлгермеді ме? Өкініштісі сол - үміт күткен Жоғарғы сотымыздың өзі осы тақылеттес көңілдегі көп сауалдарға жауап берудің орнына, топырлатып жаңаларын балалатып жатыр.

Еркін ойлы саясаткерлердің ғана емес, біртұтас Қазақстан мемлекетінің бейбіт тіршілігіне қауіп төндірген осы бір «террорлық әрекеттің» ақиқаты ашылар күн, ашар пенде бар ма бұл елде?

 

 



Қайыр ЖАН Apta.kz
 
   
"АЗАТ" Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясы - 050000, Алматы қ-сы, Қажымұқан к-сі, 70. Тел. +7 727 296 52 22