| 24.07.2007 - Жарнама жарға жықпасын... |
|
Бұл жолғы сайлау науқанының да бұрынғы науқандардан айырмашылығы аз болатын түрi бар. Маңқыстау облысындағы жағдаймен таныса келе осындай тұжырымға келдiк.
Үгiт-насихатқа рұқсат берiлген күннен бастап жер-жерлерде «Нұр Отан» партиясының жарнамалары қаптап кеткен. Қалған алты партияның материалдары көзге шалынбайды. Түпқараған аудандық әкiмшiлiгi дүкендер мен халық жиналатын басқа да жекеменшiк мекемелердiң иелерiн жинап алып, «Нұр Отаннан» басқа партияның жарнама қағаздарын жапсыртпаңдар!» деген тапсырма берiптi деген де әңгiме бар. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның осы жердегi белсендi мүшесi Мұратқали Дәулетияровтың айтуынша, партияның үгiт-насихат қағаздарын жапсыруға дүкен иелерiнiң көпшiлiгi рұқсат бермейдi. Себеп белгiлi. Азын-аулақ бизнесiнен айырылып қалудан қорқады. «Заңды қатаң сақтаймыз, меншiк иелерiнiң рұқсатынсыз олардың мекемелерiнiң қабырғасына материалдарымызды жапсырмаймыз. Олардың рұқсатын алу үшiн көп түсiндiруге тура келедi. Тiптi кейбiреулерiн «рұқсатымды алған, бiрақ қай партиянiкi екенiне назар салмаппын дей сал» деп көндiруге мәжбүрмiз», – дейдi ЖСДП-ның мүшесi Ерекен Қорабаев. Үгiт материалдарын iлуге арнайы бөлiнген орындар аз. Мәселен, 300 мың тұрғыны бар облыс орталығы Ақтау қаласына 15-ақ орын бөлiнген. Бұған кейбiр ықшамаудандар кiрмей қалған. Үйiнен шықпайтын қариялар партиялардың бағдарламаларымен қалай таныспақ? Бұл жолғы науқанда шүкiршiлiк дейтiн бiр нәрсе, жергiлiктi сайлау комиссияларының құрамына оппозициялық партия мүшелерi көбiрек сайланыпты. Белсендi азаматтар облыс әкiмi Қырымбек Көшербаевқа хат жазып, өз мүшелерiн әзер дегенде өткiзiптi.
Заң бойынша мәдениет үйлерiне, ескерткiштерге саяси партиялардың үгiт-насихат материалдарын iлуге болмайды. Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет үйiнiң қабырғасында «Нұр Отанның» үлкен жарнамасы менмұндалап тұр. Бiр қызығы, қала көшелерiне үлкен жарнама тақтайшалары орнатылған, бiрақ олар әзiрге бос тұр. Бұл бос орындарға ертең кiмнiң суретi iлiнетiнiн iшiңiз сезетiн шығар...
Мұхтар Жанұзақұлы, Асылхан Әбдiрайым,
"Жас Алаш" газеті
|