| 24.07.2007 - “Билiктегiлер өлетiн жерiн бiледi” |
|
Кеше Ұлттық баспасөз клубында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшiлерi Болат Әбiлев пен Әмiржан Қосанов баспасөз мәслихатын өткiздi.
Айтуларына қарағанда, сайлау науқанының басталып кеткенiне бiр аптаға жуықтаса да, телеарналар ЖСДП-ның бейнероликтерiн эфирге жiбермей жатқан көрiнедi.
“Өткен парламент сайлауында да, президенттiк сайлауда да тиiстi құжаттарды толтырып, келiсiм-шарт жасасқан соң бейнероликтердi эфирге жiберген. Биыл олай болмай тұр. Заңда жазылмаса да, телеарналардың бәрi бiрдей “18 шiлде күнi таңертең келу керек” дегендi шығарыпты. Бiздiң партияның өкiлдерi сол күнi “Хабар” арнасына таңғы сағат сегiзде барған. Сөйтсе, “Нұр Отан” түнгi сағат он екiден он минут өткенде бейнеролигiн тiркетiп үлгерiптi. Бұлар қай кезде үлгерiп жүр?
Бiз дайындаған бейнероликтер “Бiр мемлекет, екi тағдыр” деп аталады. Қазақстандағы шылқыған байлар мен сiңiрi шыққан кедейлердiң ара-жiгiн ашып көрсетедi. Гольф ойнап жүрген шенеунiктердiң, Венада өткен кеште шалқып жүрген Рахат пен Дариғаның бейнесюжеттерiн пайдаландық. Бiрақ бет-жүзiн көрсеткен жоқпыз. “Хабарлықтар” Рахат пен Дариғаны бiрден танып қойса керек, эфирге жiберу үшiн олардан рұқсат алу керектiгiн сылтау еттi. “Нұр Отан” бейнероликтерiнде бейкүнә бүлдiршiндердiң суретiн оңды-солды пайдаланып жатыр. Бүлдiршiндердiң әке-шешесiнен рұқсат сұрады ма? Орталық сайлау комиссиясына, Алматы қаласының прокурорына шағым жолдадық. Ендi соның жауабын күтiп отырмыз”, — дедi Болат Әбiлев.
Әмiржан Қосановтың да айтары бар екен. Ол былай дедi: “Бейнероликте көрсетiлген адамдардың бетiн ғана емес, бүкiл денесiн жауып тастасаң да эфирге жiбермеу үшiн бiр сылтау табары анық. Өйткенi, билiктегiлер өлетiн жерiн бiледi. Бiрақ бiз қол қусырып қарап отырмаймыз. Бұдан да өткiр бейнероликтер жасаймыз”.
Болат Әбiлевтiң айтуынша, телеарналар бейнероликтер үшiн төленуге тиiс қаржының құнын тым аспандатып жiберiптi. Мәселен, “КТК” арнасы эфирiнiң бiр минутына 8 мың, “Еуразия” арнасы 40 мың АҚШ долларын сұрап отырған көрiнедi. Ең арзаны — “Қазақстан” арнасы. Олар эфирiнiң бiр минутын мың долларға бағалапты.
Ерiк Рахым
"Жас Алаш" газеті
|