| 24.07.2007 - «Уәде – құдай сөзi...» |
|
Сайлау қарсаңындағы үгiт-насихат жұмыстары Әлихан Бәйменов үшiн сәтсiз басталды. Үгiттеудiң бiрiншi күнiнде республикалық «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторы Рамазан Есiркепов «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтiң үстiнен Медеу аудандық сотына шағым түсiрдi.
Есiркеповтiң айтуына қарағанда, Бәйменов 2005 жылы президенттiк сайлауға түскен кезде басылым басшысынан ақпараттық қолдау көрсетудi сұрап, газеттi сатып алуға ниет бiлдiрiптi. 2005-тiң наурызында «Ақ жол» партиясының төрағасы «Алма-Ата инфо» апталығын 150 мың долларға сатып алу жөнiнде ауызша келiсiм жасасқан. Бәйменов басылымды сатып алатынын растап, көмекшiсi Нұрлан Махмұдовты газеттiң бақылаушысы етiп тағайындапты. Есiркеповке сенсек, Бәйменов басылыммен 2-3 айдан кейiн, яғни сатып алу жөнiндегi келiсiм толығымен жасалып бiткен соң есептесетiнiн айтыпты. Алайда, Әлихан ақша мәселесiн кейiнге ысыра берген, ысыра берген. Рамазан Есiркепов: «Басылым барлық мiндеттемесiн орындады. Газеттi 75 мың дана етiп шығару үшiн қарызға белшеден баттық», – дейдi.
Дәл қазiр газеттi шығарып отырған «Жұлдыз» ЖШС Әлиханның үгiт-насихат материалдары орналасқан көлемдi есептеп шығарыпты. Газет басшылығы кеткен шығынды 24 миллион 788 мың теңгеге бағалап отыр. Газет дегеннен шығады, осыдан екi жыл бұрын Бәйменовтiң ақша жоқтығын сылтауратып, партияның газетiн шығаруды бiржола тоқтатқанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Әлекең «Ақ жолда» жұмыс iстейтiн журналистердi көшеде қалдырып, редакция есiгiне қара құлып салды. Журналистер өкпе-ренiштерiн iшке бүгiп, бет-бетiмен жұмыс iздеп кетiп едi сонда. Солардың орнында орыстiлдi журналистер болғанда ғой, Әлиханның тоз-тозын шығарып, бетпердесiн сыпырар едi. Қазақ журналистерi көрсеткен әрекетсiздiк, дәрменсiздiк қазақ газеттерiнiң тағдырының да сұраусыз екенiн аңғартса керек. Әрине, бұл – сөз арасында айтылып отырған әңгiме. Ал бiз «Алма-Ата инфоның» бас редакторы Рамазан Есiркеповтi әңгiмеге тарттық. Мәселенiң мән-жайын толығырақ бiлу үшiн.
– Бәйменовтi сотқа ертерек бермегенiңiздiң себебi не?
– Барлығы менiң денсаулығыма, материалдық, қаржылық жағдайыма байланысты болды. Үш апта бұрын Бәйменовпен хабарласқанымда, ол: «Бiр аптадан кейiн қоңырау шал», – дедi. Бiр апта өткен соң сөйлескенiмде, қарызын төлеуден үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Бәйменовке «ақшаны толығымен төле, тезiрек есеп айырысайық» деген талабымды президенттiк сайлау аяқталғаннан кейiн-ақ қоя бастағанмын. Алайда, Әлихан ақша төлеудi сағызша созып, кейiнге қалдыра бердi. «Уәде – Құдай сөзi» деген бар емес пе, сол құдайшылықты ұмытпау керек қой.
– Бәйменовпен арадағы келiсiм ауызша жасалыпты ғой. Келiсiмдi растайтын құжаттарыңыз жоқ бола тұра, сотқа неге шағым түсiрдiңiз?
– Мен сотқа жайдан-жай шағым түсiрмеймiн. Бiзде арадағы келiсiмдi растайтын құжаттар бар. Құжаттардың заңдық күшi бар. Оларды қазiр сот қарап жатыр. Керек десеңiз, келiсiмдi растайтын куәгерлерiмiз де бар.
– «Ақ жол» партиясы сiздiң әрекетiңiзге «қолдан ұйымдастырылған шара, терiс жарнама» деп баға берiптi. Бұған не дейсiз?
– Мен «Ақ жол» партиясына ешқандай жала жауып отырған жоқпын. Сайлау қарсаңында Әлиханды мақтап, газетiмiздiң бiрiншi бетiнде көлемдi мақалалар жарияладық. Мен Әлиханнан сол материалдардың ақысын қайтаруды ғана талап еттiм. Мұны қалай қолдан жасалған шара деуге болады? Сайлауға түсетiн барлық партиялар мен үмiткерлерге ақша бөлiнедi. Бәйменовке де көп-көрiм қаржы бөлiнген болуы тиiс. Қарызын қайтаруға мүмкiндiгi бар. Ақшасын дер кезiнде төлесе,
мұндай проблема туындамайтын едi.
P.S. «Ақ жол» партиясы болса, партия төрағасының Есiркеповке ешқандай ақша қарыз емес екенiн, үгiт-насихат материалдары үшiн газетпен баяғыда есептесiп қойғандарын, тiптi, «Алма-Ата инфо» басылымын сатып алу Әлиханның ойында да болмағанын мәлiмдедi. «Есiркеповтiң сөзi шындыққа жанаспайды. «Ақ жол» партиясының сайлау штабы партия беделiне нұқсан келтiретiн ақпаратты таратқаны үшiн Есiркеповтi сотқа тартуды қарастырып жатыр», – дейдi олар. Қайырын берсiн деңiз...
Елнұр Бақытқызы
"Жас Алаш" газеті
|