Жаңалықтар     
 
 

 
 
 
Iздеу  
СIЛТЕМЕЛЕР  
-
ОСДП АЗАТ / Жаңалықтар / 24.07.2007 - Телесайыс па, телешоу ма?
24.07.2007 - Телесайыс па, телешоу ма?
  Версия для печати

Кешеге дейiн «31-арнадағы» телесайыста түрен салғандар «Руханият» партиясының жетекшiсi Алтыншаш Жағанова мен «Нұр Отан» партиясының өкiлi Бекболат Тiлеухан, «патриоттық» Ғани Қасымов пен «нұротандық» Қайрат Келiмбетов болды.

Партиялардың ұстанымы, бағыт-бағдары таразыға түскен сөз сайысы, пiкiр додасы көрермендердiң көңiлiнен шыға алды ма, жоқ па? Ұнаса, несiмен ұнады? Кемшiн тұстары қайсы? Оған қатысушылар өтiмдi, өткiр пiкiр айта алды ма? Өз партиясының артықшылығын көрсетiп бердi ме? Жалпы, теледебатшыларға қандай шарт қойылады? Осы сауалдардың төңiрегiнде саясаткерлер мен қаламгерлердiң, елге танымал мәдениет, өнер қайраткерлерiнiң пiкiрiн сұраған едiк, мынадай жауап алдық:

Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының көшбасшысы:

Мәйкiмдi шешiп, бәсекелесiмнiң басына кигiзбеймiн

– Алтыншаш Жағанова мен Бекболат Тiлеухан өткiзген дебатты көрген жоқпын. Мынадай болмасын, анадай болмасын деген шарт жоқ. Бiрақ, жалпы этика сақталуы керек деп есептеймiн. Мәселен, мен ешқашан мәйкiмдi шешiп, бәсекелесiмнiң басына кигiзiп қоймаймын. Келiмбетов – бiлiмдi, бiлiктi адам. «Нұр Отанның» атынан ол да қатысты. Мәселенiң бiр қыры бар – «Нұр Отан» партиясы билiктiң партиясы болғандықтан да, билiктiң жiберген барлық кемшiлiктерi мен қателiктерi «НұрОтан» партиясының мойнында.

Ерасыл Әбiлқасымов, бұрынғы депутат:

Жағанова бес сөз айтқанша, мен 50 сөз айтып үлгеремiн

– Көрдiм, бiрақ бұл телесайыс жөнiнде жақсы пiкiрде емеспiн. Форматы мүлде дұрыс емес. «Бiздiң партиямыздың артықшылығы мынау» деп тайға таңба басқандай етiп көрсетiп бере алмады. Нағыз бәсекелестiк байқалмады. Ақиқат айтылған жоқ. Бiр сөзбен айтқанда, шоу ғана болды. Уақыты тым тар. Жеребе тасталғаны да күмәндi. Мәселен, ЖСДП «Нұр Отан» партиясымен, Әлихан Бәйменов Жармахан Тұяқбаймен айтысқысы келедi. Халықтың күткенi де осы емес пе. «Патриоттар» мен «нұротандықтарды» айтыстырғаннан не ұтамыз? Бұл екеуi де – бiр партия. Одақтас партиялар.

Менiңше, телесайыста 7 партия да қатар отыруы керек. Кемiнде 2 сағат уақыт берiлуге тиiс. Бразилияның арзанқол топтамаларының түкке де қажетi жоқ бiзге. Оның орнына телесайыс көрсетiлсiн. Тақырыпты 3-ке бөлген ләзiм. Бiрiншiсi – iшкi саясат, экономика; екiншiсi – демократия, сөз бостандығы, адам құқығы; үшiншiсi – халықаралық жағдай. Сонда бiз әр партияның бағытын, жоспарын бiлер едiк. Әйтпесе, сол партиялардың бағдарламаларында не жазылғанын кiм қарап жатыр? Көпшiлiк бiле бермейдi. Сонда ғана халық партиялар туралы жақсы мағлұмат ала алар едi. Кейбiр партиялардың лидерлерi екi сөздiң басын қосып айта алмайды. Жағанова жайланып бес сөз айтқанда, мен тездетiп 50 сөз айтып үлгеремiн. Косарев болса, мүлде қазақша бiлмейдi. Ол ұлтымыздың мәселесi туралы не айта алады? Сондықтан да, бiр партиядан бiрнеше адам қатысқаны жөн. Бiр сұраққа партия лидерi жауап бере алмай жатса, басқасы iлiп әкетiп жауап беруге тиiс.
Сосын, бiздiң халық Ресейдiң халқы емес. Онда неге орысша өткiзiп жатырмыз? Халқымыздың 60 пайызы қазақтар емес пе? Телесайыс тек қана
қазақша жүруi керек.

Сейiтқазы Матаев:

– Өткен телесайыстарды көрген жоқпын. Бiрақ, бұл ауадай қажет нәрсе. «31-арна» жақсы бастама көтерiп отыр.

Мұхтар Шаханов:

– Көре алған жоқпын, Ақтауда жүр едiм...

Тұңғышбай Жаманқұлов:

– Ресейде жүрмiн... Кинотүсiрiлiмде...

Көре алған жоқпын.

Сейдахмет Құттықадам:

Бәрi де жай ғана саяси ойын

– Сайлаудың нәтижесi жоғары жақтағы бiр кабинетте шешiлетiнi белгiлi. Үлкен лауазымды азаматтар малдас құрып отырып: «Мыналарға мұнша пайыз берейiк, аналарға осынша берейiк. Ал анабiр партиялардағылар бiзге мүлде ұнамайды. Бұларға ештеңе бермеу керек»,– деп кесiп-пiшiп қояды. Сондықтан да, телесайысты өткiзу, этиканы сақтауға қол қою, бұлардың бәрi де жай ғана саяси ойын. Барлық мәселе жоғарыда шешiлiп қойылғаннан соң, басқа не деуге болады? Саяси партия мың жерден жеңсе де, оның ешқандай әсерi болмайды. Орталық сайлау комиссиясы өзгермейiнше, шынайы сайлау болмайынша, дебат өткiзудiң де, этиканы сақтауға келiсiм жасаудың да ешқандай мағынасы жоқ.



Шадияр Өстемiрұлы. "Жас Алаш" газеті
 
   
"АЗАТ" Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясы - 050000, Алматы қ-сы, Қажымұқан к-сі, 70. Тел. +7 727 296 52 22