Жаңалықтар     
 
 

 
 
 
Iздеу  
СIЛТЕМЕЛЕР  
-
ОСДП АЗАТ / Жаңалықтар / 24.07.2007 - Шiлдеге сайлау жалғасып...
24.07.2007 - Шiлдеге сайлау жалғасып...
  Версия для печати

Мәскеулiк метеорологтар биылғы шiлдедегi ең ыстық күн 24 шiлдеде, яғни бүгiн болады деген болжам жасады. «Нағыз шiлденiң ыстығы деп осыны айт!» — дейдi мәскеулiк мамандар. Ал қазақстандық синоптиктер жасаған болжамға сенсек, бүгiн Алматыда 30-33 градус ыстық болады.

Астанада сынап бағанасы 24-26 градусты көрсетедi. Ауа райын болжаушы мамандар екi қалада да жаңбыр жауатынын айтып отыр. «Ресейлiк синоптиктер шiлденiң аптабы дегенде ненi айтып отырғанын мен бiлмедiм. Бiзде мұндай болжам жоқ», — дейдi «Қазгидрометтiң» маманы Елена Николаевна.

Жалпы, қазақта «қырық күн шiлде» деген түсiнiк бар. Ол маусымның 25-iнен басталып, 5 тамыз күнi бiтедi. Өткен апталарда Алматыда ауа райы 45 градусқа дейiн барды. Соңғы екi-үш күндiкте бiршама төмендедi. Есесiне, бұл күндерi ауаның температурасы емес, саяси температура көтерiлiп тұр. Әлеумет бiртүрлi тынышсыздана бастаған сияқты. Ыстық күнде, онда да шiлденiң аптабында саяси температураны қолдан қыздыру халықтың денсаулығына әсер етпей қоймас, сiрә.

«Әзiрге жедел жәрдемнiң көмегiне жүгiнушiлердiң саны бiрқалыпты. Күндегiдей 1400-1500 қоңырау түсiп жатыр», — дедi жедел жәрдем стансасының кезекшi дәрiгерi күннiң ыстығы алматылықтарға қалай әсер етiп жатқанын сұрағанымызда. Станса статистикалық мәлiмет бермейдi, дегенмен ауа райының өзгерiсiне байланысты қала тұрғындарының көп мазасызданатынын да жасырмайды. Күннiң ысуын бәрiнен бұрын ауа райына бағынышты адамдар, балалар мен жасы келген кiсiлер ауыр қабылдайды. Мұндайда не iстеу керек? Бiз бұл сұрақты Қазақстанның отбасылық дәрiгерлер қауымдастығының президентi Дамиля Нұғмановаға қойған едiк.

— Ауа райына бағыныштылықтан ауыратындар бiр бөлек те, күннiң ысуын көтере алмайтындар бiр бөлек, — дейдi Дамиля Сәкенқызы. — Алдымен ауа райына бағыныштылық дегеннiң не екенiн бiлiп алайық. Ауа райы бұзылардың алдында кейбiр адамдардың қан қысымы төмендейдi. Ауа райына бағыныштылық деген осы. Күн бұзылардың алдында мұндай кiсiлердiң бастары ауырады, жүрек қағысы жиiлейдi. Мұндай адамдар үшiн ең жақсы ем — дене шынықтыру жаттығуларын жасау, далада серуендеу. Ауа райының құбылуын қатты сезiнетiн адамдар үйде қамалып отырмауы керек. Әсiресе, көпқабатты үйлерде тұратын болса. Жалаңаяқ жүргендерi пайдалы. Мүмкiндiгiншедалада жүргендерi жөн.

— Ал ыстықты көтере алмайтындар ше?

— Күннiң ыстығынан ауа райына бағынышты адамдар ғана емес, баршамыз сақтануымыз керек. Қатты ыстықта күннiң астында жүрiп қалмау керек, суды көп iшу керек. Күннiң ысуын ең алдымен артық салмағы бар адамдар сезiнедi. Кәрi кiсiлер, жүрек-қан тамырлары жүйесi ауыратындар, қант диабетiмен, өзге де созылмалы аурулармен ауыратын адамдар күннiң ысуын ауыр қабылдайды. Күн ыстықта балаларды далаға бей-берекет жiбермеу керек.

— Алматыда су құбырлары қатты ескiргендiктен, суға хлор көп қосылады. Ол суды қалай пайдалану керек? Қайнатып iшкен жөн бе, әлде?..

— Алматының өз басында су таза, сапасы өте жақсы. Егер судың құрамында хлордың көп екенi байқалса, ашық ыдыстарға, мысалы, легенге, тегешке құйып қойсаңыздар, 5-6 сағаттан кейiн хлор ұшып кетедi. Алматыда осының өзi жеткiлiктi. Ал ендi тап-таза су iшкiлерiңiз келсе, қазiр түрлi фильтрлер көп, соларды пайдаланыңыздар. Немесе сатылатын таза судан алуға да болады.

— Рахмет.



Жұлдыз Әбдiлда "Жас Алаш" газеті
 
   
"АЗАТ" Жалпыұлттық социал‑демократиялық партиясы - 050000, Алматы қ-сы, Қажымұқан к-сі, 70. Тел. +7 727 296 52 22