| 24.07.2007 - Бас жоспары жоқ қалада басы ашылмаған мәселе көп |
|
Сырдария өзенiнiң қорғаныс бөгеттерiн қайта жасап, жағалауын нығайту бағытындағы жұмыстар басталып кеттi.
Дәл қазiр «Казгипроводхоз» жобалау институтының мамандары техникалық-экономикалық негiздеме жасап жатыр. Оңай шаруа болмаса да, мамандар жұмысты тез арада аяқтаймыз деп отыр. Себебi, жоба алдымен Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне жолданып, сосын республикалық бюджет комиссиясының қарауына тапсырылмақ. Ал бастапқы жұмыстарды атқаруға облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлiндi.
Облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед «Сырдың суы ендi тасымайтын болады» дегенде осы өңiрдiң халқы шын қуанды. Eйтетiн де жөнi бар. Себебi, көктем туа салысымен Сырдарияның проблемасы да басталады. Былтырғы жылдың өзiнде ғана осы апаттан төрт бiрдей саяжай серiктестiгiнiң тұрғындары зардап шеккен болатын. Қазiр ол саяжайлардың тұрғындары түгелдей дерлiк қауiпсiз аймаққа көшiрiлдi. Оларға қолда бар мүмкiншiлiктiң шеңберiнде жағдай жасалып жатыр. Су шығатын ұңғыма қазылды. Канал қазылып, электр желiсi тартылды. Ақыр аяғы таксофонға дейiн орнатылды. Алайда, iс мұнымен бiтпейдi. Өйткенi, бұл аймақта жиырма саяжай орналасқан. Олардың барлығын бiрдей қауiпсiз аймаққа көшiруге мүмкiндiк жоқ.
Дегенмен, ең қауiптi деген жерлерде отырған үш саяжайдың тұрғындарын апатпен бетпе-бет қалдыруға болмайтынын облыс басшылығы жақсы түсiнiп отыр. Қызылорда өңiрiнде ауыз су проблемасы әлi шешiлмеген. Қызылжармадағы жерасты су көздерiн барлауға 54 миллион теңгедей қаржы керек екен.
Мұндай қаржы облыс бюджетiнде бар. Тек елдiң несiбесi ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетпеуi үшiн конкурс өткiзу керек. Қаланың iшiндегi су құбырларын ауыстыру да — кезек күттiрмейтiн мәселелердiң бiрi. Қалалық әкiмшiлiк қала iшiндегi құбырларды ауыстырудың техникалық-экономикалық негiздемесiн жасап, оны мемлекеттiк сараптаудан өткiздi. Индустрия және сауда министрлiгiнен қолдау тапқан жобаны Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi қабылдамай отыр. Ал түптеп келсек, экологиялық апатты аймақта отырған Сыр өңiрi халқының көптегенпроблемасы тiкелей осы ауыз суға байланып тұр. Айтпақшы, Қызылордада күнi бүгiнге дейiн қаланың бас жоспары жоқ екен. Бұл мақсатқа бюджеттен 46 миллион теңге бөлiндi.
Миуа Байназар, Қызылорда облысы
"Жас Алаш" газеті
|