Жаңалықтар     
 
 

 
 
 
Iздеу  
СIЛТЕМЕЛЕР  
-
«АЗАТ» Қазақстанның Демократиялық Партиясы / Жаңалықтар / 26.07.2007 - Өзіңді тізімнен тексерт!
26.07.2007 - Өзіңді тізімнен тексерт!
  Версия для печати

Енді бір айдан кейін елімізде жаңа сайлау өтеді. Бұл жолы екі сайлау бір мезгілде ұйымдастырылмақ: өз қалауыңдағы өкілді қалалық мәслихатқа, сондай-ақ Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліске сайлайтын боласыз.

Үміткерлер сайлануға әрекеттеніп жатқанда ұйымдастырушылар сайлау учаскелерін науқан жұмысына дайындап, телефондар мен «Сайлау» электронды жүйесін орнатуда. Қазіргі кездегі ең басты шаруа – сайлаушылар тізімін жасау. Бұған жергілікті атқару органдары, яғни әкімшіліктер жауапты. Деректерді оларға әділет департаменттері береді.
МҰХИТ ТҮМЕНБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИН. АЛМАТЫ Қ. ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:«Азаматтың белгілі бір жерде тұрып жатқандығы жайлы дерек аймақтық органдар мен әділет органдарының тіркеуі, азаматтарға тіркеу кітапшаларын беру арқылы расталады. Бұл құжаттар азаматтың сол сайлау учаскесінде тіркелгендігін растайды. Тіркелу үшін аймақтық әділет органына арыз жазу керек. Арызбен қоса тұлғаның құқығын анықтайтын құжаттар, яғни жеке куәлігі мен бұрынғы тіркелген жерінен кеткендігі жайлы анықтама тапсырылады. Осы құжаттардың негізінде азамат келген жеріндегі сайлау учаскесіне тіркеледі.»
Алайда, тіркеуге байланысты жағдайлар күн сайын өзгеріп отыр: біреулер көшіп келіп, жаңа мекеніне тіркеледі. Сайлау тізімінің шындыққа сай келетіндігін анықтау үшін арнайы жылжымалы комиссия жасақталды. Әкімшілік пен ішкі істер аудандық бөлімінің өкілдері осы мақсатпен аулаларды аралай бастағанына екі ай болды. Бұл жолы Қонаев көшесі, 49 үйдегі сайлаушылар тізіміне салыстыру жүргізілді.
Кейбір пәтерлердің тұрғындары үйлерінде жоқ, жұмыста, енді біреулері еңбек демалысында екен. Тағы бір пәтерлердің қожайындары комиссия өкілдерін жібергілері келмеді, кейбір үйлердің есігін балалар ашып жатты.
Аулаларды аралай жүріп сайлаушылар тізімін салыстыру оңай шаруа емес. Тұрғындар тарабынан дөрекілік танылып жататын кездер де болады, кейде комиссия өкілдерін түсінбей қалады. Басқа да қиындықтар кездеседі.
СЕРІК ҚҰСМАНОВ, ЖЕТІСУ АУДАНДЫҚ ӘКІМШІЛІГІ КОММУН. БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Бұл арада қиыншылықсыз болмайды. Өзіңіз көрдіңіз, аралап шыққан 18 үйдің төртеуінде ғана адам бар болып шықты. Ал, 3-4 үйдегі қарттар есікті ашудан бас тартты. Қиындықтар баршылық.»
ЕСЕНӘЛІ СЕНБИН, ЖЕТІСУ АУДАНЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ: «Бірнеше үйі бар меншік иелері болады. Өздері бір үйінде тұрады да, екінші үйін шетелдіктерге жалға беріп қояды, ал олар тізімде болмайды. Осы ақпараттардың бәрін біз тиісті органдарға жөнелтеміз, ал шетелдіктер жайлы ақпаратты миграциялық полицияға жібереміз.»
Есікті ашпай қойған жағдайда немесе үйде ешкім болмай шықса, бұл араға қайта келуге, болмаса кешкісін телефон шалуға тура келеді. Қалай болғанда да әр сайлаушыны тексеріп алу міндет. Осылай аралап шыққаннан кейін ғана комиссия мүшелері түгел жергілікті атқару органдары мен ішкі істер, әділет басқармаларының өкілдерімен бірлесе отырып, бұрынғы тізімдерге өзгеріс енгізеді.
ӘМІР ҚҰЛМАХАНОВ, ЖЕТІСУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:«Бүгінге дейін тізімге енгізілмеген 800 адамды анықтадық. Олар жайындағы деректерді әділет басқармасына жібердік. Бүгінге дейін солардың 400-ге жуығын тізімге енгізді. Қалған 400-і өңделіп болғаннан кейін тізімге енгізілуі тиіс. Бұған қосымша, 300-ден астам қайтыс болған адамдар тізімі анықталды.»
Іс жүзінде кездесетін қиыншылықтар жеткілікті. Үйлері сүргілеуге кеткен азаматтардың сайлау құқын жүзеге асырулары қиынға соғуы мүмкін. Мекен-жайларда «өз бетімен» тұрып жатқандар бар.
МҰХИТ ТҮМЕНБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИН. АЛМАТЫ Қ. ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:«Қазіргі кезде Алматы қаласындағы көптеген үйлер сүргіленіп жатыр. Жаңа үй сатып алғандар сүргіленіп кеткен ескіүйлерінде тіркеуде қалып қояды. Сондықтан, уақыт бар кезде тиісті құжаттарды ретке келтіріп алу қажет, нақты тұрып жатқан мекен-жайға тіркеуге тұру керек. Сүріліп кеткен үйден тіркеуден шығу қажет. Егер мұндай жағдай болмай жатса, онда азамат ескі мекен-жайындағы сайлау учаскесіне арызын беріп, сол жерден дауыс бергендері жөн».
ӘМІР ҚҰЛМАХАНОВ, ЖЕТІСУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:«Жерді өз беттерімен басып алып, заңсыз тұрып жатқандар бар. Олар есепке тіркелмесе, сайлауға дауыс бере алмайтын шығар. Сондықтан, бұл күндері үйлерді заңдастыру жүріп жатыр. Мемлекеттік акты алып, үйлерін заңдастырып алғандар сол жерге тіркеліп, қосымша есепке алынатын болады.»
Жаз маусымы – еңбек демалысына шығатын уақыт. Көптеген адамдар санаторийлерге немесе туыстарына кетеді. Азаматтар сайлау күні тіркелген орындарында болмаған күнде де бәрібір сайлау құқын жүзеге асыру мүмкіншілігінен айырылмайды.
МАРГАРИТА КУХАРЕВСКАЯ, АЛМАТЫ Қ. ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ: «Уақытша тіркеуден шығару куәлігі деген болады. Азамат сайлау күні тұрғылықты орнынан басқа жерде болатынын жергілікті атқару органы сайлаушылар тізімін учаскелік сайлау комиссиясына өткізіп қойғаннан кейін барып білсе, сайлауға 15 күн қалғанға дейін өзінің сайлау учаскесіне келіп, арызын жазып, тиісті құжаттарын көрсетіп, уақытша тіркеуден шығару куәлігін алады. Сосын жаңа жерге келгеннен кейін, сол жердегі сайлау учаскесіне барып, әлгі куәлігін көрсетеді. Осы куәліктің негізінде оны келген жеріндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді. Сосын ол сол жерден дауыс беретін болады.»
Сайлау комиссиялары әкімшіліктер әділет органдары мен ішкі істер департаменттерінің өкілдері сайлаушылар тізімін дайындауда, бірақ азаматтардың бәрі бірдей алдағы оқиға жайлы біле бермейді.
Алматыда барлығы 37 сайлау округтерінен 37 адам мәслихат депутаттары болып сайланады. Ал, Мәжіліс мәселесіне келер болсақ, үміткерлер саяси партиялардан ғана ұсынылады. Сайлауға 20 күн қалғанда әкімшіліктер сайлау комиссияларына тізімдерді жеткізеді. Алайда, тізімде барсыз ба, жоқсыз ба, қазір-ақ тексеріп алуға болады.



Гүлмира Шамбаева.
"Алматы" телеарнасы