| 26.07.2007 - Ескі депутаттар мен көгенкөз кандидаттар |
|
немесе шенеуніктер де Мәжілісті аңсайды
Қазақстанның партиялық жүйесінде көптеген елдердегідей «партиялық жұлдыздар» санының өсу үрдісі байқалып келеді. Танымал спорт саңлақтары, әртістер, жазушы, ғалымдар легі сайлаушыны қызықтыру үшін партиялық тізімге енгізілген. Қисынға келгенде алдағы сайлауда жұлдыздардың саяси бәсекесінің куәсі болуымыз керек. Өйткені сайлаушының басым көпшілігіне партияның сайлауалды платформасынан гөрі танымал үміткерлер тізімі көзге оттай басылады. Оның үстіне елдегі партиялардың бағдарламасында бәлендей идеологиялық алшақтық байқалмайды және әлеуметтік базасы толық қалыптасып үлгермегенін ескерген жөн. Қарапайым сайлаушы үшін олардың бағдарламалары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай қайталанып келеді. Біздің айтып отырған партиялық жұлдыздар қосалқы маңызға ғана ие болып отыр. Өйткені биліктің де, оппозициялық партиялар үкілеп қосқан үміткерлердің негізгі дені шенеуніктер мен баяғы «майшелпегінен» дәмесі зор ескі депутаттар. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы депутаттық кадрлардың диірменін көбірек еске түсіреді. Бұл партия ұсынған ұзын-ырғасы 126 партиялық тізімнің 92-сі шенеуніктер мен бұрынғы депутаттар. 19 үміткері – мем¬лекеттік мекемелер мен партияның жер-жердегі «қазанынан қайнап шықты». Егер басты партияның 126 «көгенкөзін» қо¬сып отырғанын ескерсек, Мәжілістің әр мандатына 1,3 «нұротандық» үміткерден айналып отырғанын аңғару қиын емес. Оппозиция ұсынған тізімнің негізгі құрамы да осыған ұқсас реңк береді. Мысалы, жалпыұлттық социал-демокра¬тия¬лық партия ұсынған 80 адамның 44-і бұрынғы депутаттар, экс-шенеуніктер мен партия аппара¬ты¬ның мүшелері. Кеңес одағы кезінде сауыншылар мен механизаторларға арнайы квота беретін. Ал бүгінгі пар¬¬тиялардың ұсынған тізімі тұтастай алғанда партократтық саяси элитаның сипатын аңғартады. Бізге мәлім болған партиялық тізім отандық партиялардың кадрлық интеллектуалдық әлеуетін, аймақтардағы үлес-салмағын бағалауға мүмкіндік береді. Қазақстанның партиялық кеңістігіндегі қалыптасқан жағдай «біріншілік» үшін емес, «екіншілік» үшін күрестің көрігін қыздыратын секілді. Себебі саясаттанушылар «алтын» жүлдені алдын ала бірауыздан билік партиясына «сыйлап» қойды. Ал «күміс» жүлде үшін нағыз бәсеке «Ақ жол» және жалпыұлттық социал-демократиялық партия арасында өтпек. Алдағы бес жылда елдің саяси өмірінде шешуші рөл атқаратын Мәжіліске «қан құюға» келетін жаңа құрамның ішінде министрлер мен әкімдердің есім¬дері менмұндалап тұр. Барлық партия да өз тізіміне өңкей әкім-қара, шен-шекпенділер мен ірі бизнес өкілдерін, жер-жердегі «жарты патша» ректорлар мен департамент басшыларын тоғытыпты. Орталық сайлау комиссиясының жеребесі бойынша жағаласқан жетеудің жеребесі төмендегідей анықталды: Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстан «Патриоттары» партиясы, «Ауыл» Қазақстан социал-демократиялық партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Руха¬ният» партиясы, Қазақстан Ком¬му¬нистік халықтық партиясы. Мә¬жіліске сайлауына тіркелген 400 үміткердің 373-і жоғары білімді және орташа жасы – 55. Ең жас үміткер – 26 жастағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аспиранты болса, ең қарт үміткер – 72 жаста екен. Үміткерлердің 309-ы ер, 61-і әйел адам. Кәсіби мамандықтары бойынша: 87 – инженер, 75 – заңгер, 70 – оқытушы, 60 – экономист бар. Ал шұғылданатын саласы бойынша 76 адам коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері бол¬са, Мәжілістің үшінші шақырылымындағы 47 адам қайта сайлауға түсуге тілек білдіріпті. Сондай-ақ 45 үміткер мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдардан ат қосып отыр. Ал ғылым, мә¬дениет, білім саласынан 41 адам, орталық органдар мен министрліктерден 21 үміткер сайлаудың көрігін қыздырмақ. КӨЗДЕН БҰЛ-БҰЛ ҰШҚАН ҚАЙРАН ПАРЛАМЕНТ... Бұл жолы сайлаушылардың бірқатар сүйікті де сүйкімсіз депутаттары көзден бұл-бұл ұшты. Әсіресе, «Нұр Отан» партиясының атынан тізімге ілінбей қалған 29 адам¬ды атап өтпеуге болмас. Олар¬дың қатарында Серік Әбдірахманов, Ермек Абасов, Күләш Ағатаева, Тоқтар Әубәкіров, Нұрлан Жылқышиев, Сергей Бояркин, Оңалбай Аяшев, Райымбек Аяшев, Амангелді Таспихов, Сергей Жалыбин, Ұзақбай Қараманов, Виктор Егоров, Сергей Киселев, Нұрпейіс Махашев, Мұрат Кәрімов, Төлеген Мұхамеджанов, Дариға Назарбаева, Алдиярбек Түсіпов, Тоқтархан Нұрахметов, Шаймерден Оразалинов, Равиль Шырдабаев, Ғаділбек Шалахметов, Вера Сухорухова, Зәуре Қадырова, Оралбек Жақиянов, Амангелді Дүйсекеев, Орынбасар Қалқабаев, Михаил Трошихин және Мұхтар Шаханов бар. Оның әртүрлі себептері болса керек. Тоқтар Әубәкіров партияға кірмей оқшау қалса, экс-асарлық Д.Назарбаева, С.Киселев, В.Сухоруховаға саяси алаңды босатуға тура келді. Мұрат Кәрімов «үмітсіз шайтан» дейтін ескі лепесті көңілге медеу тұтып, Ассамблеяның туын көтеріп шығуы мүмкін. Ал Дүйсекеев, Жақиянов, Қараманов, Нұрахметов, Шырдабаев, Шалахметов сынды экс-депутаттар зейнет жасына жетіп қалыпты. Бұрынғы нұротандық Егоров, Жалыбин, Трошихин, Оразалиновтар тізімге ілікпей қалғанын кімнен көрерін білмей дал. ПАРТИЯЛАР АРАСЫНДАҒЫ «ҚҰДАЛЫҚ» Пропорционалды сайлау элитаның партиялық тұғырын қайта қа¬рауға мәжбүр етті. «Тесік мон¬шақ жерде қалмас» дегендей, кейбір «өтімді» үміткерлерге партиялар «құда» түссе керек, партиялық билетін ылдым-жылдым ауыстырып үлгерген партиялық тізімнен таныс есімдер бірден көзге шалынды. Мысалы, «Әділет» партиясының бұрынғы тең төрағасы Зейнолла Алшымбаев енді «Нұр Отан» партиясының намысын жыртпақ. Бұрынғы асарлық депутат Валерьян Землянов, 2004 жылы «Ауыл» партиясының шашбауын көтерген бұрынғы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, әйгілі тракторшы Наталья Геллерт те бүгін «нұротандық» болып шыға келді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия да өзге партиядағы үміткерлерді магниттей тартып, «жұтып» қойды. Мәселен, АИСТ блогынан Болат Әбішевті, «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» партиясынан экс-сенатор Зәуреш Батталова мен Иван Булгаковты, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағалары Ораз Жандосов пен Болат Әбіловті, талай партияның басын шалған Әміржан Қосанов пен Петр Своикты, «Ауыл» партиясынан Оразалы Сәбден, Әнуар Түгел, Серікбай Әлібаевты өз сапына қосып алды. Бұл партияның төрағасы Жармахан Тұяқбайдың өзі де «Отанның» шекпенінен шыққан болатын. Экологиялық партия құрмақ болып біраз тер төккен Мэлс Елеусізовке «Патриоттар» партиясы «құда түсіпті». АИСТ блогынан Амангелді Айталы мен бұрынғы «нұротандық» Қанапия Ғабдуллин енді «Ақ жол» партиясының қанатының астына кіріп, оның саяси салмағын ауырлата түсті. Жалпы, әлемде партиялық билетін саяси жағдайдың ауанына қарай жиі ауыстыруы үйреншікті құбылыс. Тіпті ағылшын премьері Уинстон Черчилль де мансапқа жету үшін партбилетін оп-оңай айырбастай салудан тайынбапты. ГЕНЕРАЛДАР ДА ДЕПУТАТТЫҚТАН ҮМІТТІ Бұл жолы Қазақстан азаматтығын алғанына он жыл толмауы себепті тіркеуден өтпей қалған Талғат Мұсабаевты қоспағанда, партиялық тізімнен он шақты жоғары шенді генералдарды байқап қалдық. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Жармахан Тұяқбай, Михаил Керцман, Әмірбек Тоғысов бастаған үш генерал, «Нұр Отан» партиясынан да үшеу – Серік Баймағанбетов, Ержан Исақұлов, Сәт Тоқпақбаев, «Ақ жол» партиясынан да үштік – Мақсұт Нәрікбаев, Марат Нұғманов және Болат Сембин, «Патриоттар» партиясынан – Айтқали Есенқұлов бастаған генералдардың депутаттықтан үміті зор. Сай¬лауда бағы жанған генералдар бұрынғы депутат-генералдар – Тоқтар Әубәкіров пен Тоқтархан Нұрахметовтің орнын жоқтатпайтын шығар. МӘЖІЛІСТІ ІРІ ШЕНЕУНІКТЕР ДЕ АҢСАЙДЫ Аса жоғары лауазымды шенеуніктер үшін Мәжілістен қадірлі лауазым жоқ па деп қалдық. Өйткені бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар мен әкімдер әр партия тізімінде көгендеулі тұр. Атап айтқанда, экс-спикерлер: Оралбай Әбдікәрімов, Жармахан Тұяқбай, Орал Мұхамеджанов. Министрлер мен экс-министрлер: вице-премьер Аслан Мусин, Сауытбек Әбдірахманов, Гүлжан Қарақұсова, Ермұхамет Ертісбаев, Зағипа Бәлиева, Сейітсұлтан Айымбетов, Әлихан Бәйменов, Алтыншаш Жағанова, Жақсылық Досқалиев, Ғани Қасымов, Айткүл Самақова, Алтай Тілеубердин, Атамұрат Шаменов. Әкімдер мен экс-әкімдер: Қабиболла Жақыпов, Тоқтарбай Қадамбаев, Сағынбек Тұрсынов, Амалбек Тшан, Жәнібек Кәрібжанов, Елеусін Сағындықов, Серік Үмбетов. Партиялық тізімге әкім-қаралар мен министрлердің тартылуы партия мәртебесі және Мәжіліс құзырының күшейтілуімен байланысты болып табылады. Жоғарыда байқалғандай, партиялар үміткерлерді іріктеуде тұлғалық қасиеті, танымалдылық, ықпалдылық және ауқаттылық деңгейі басты назарға алынған. Соған қарағанда, саңлақ аламанға салынып, шабан арбаға жегілетін түрі бар. Конституциялық өзгерістер элитаның партиялық шепке жіктеліп, партиялық тұғырын қайта қарауға мәжбүр етті. Бұл жерде кілтипан да жоқ емес. Әзірше алфавиттік ретпен қаздай тізіліп тұрған үміткерлердің сайлау кезінде қайсысы суырылып алға шығатыны белгісіз. Бұл – партиялардың ішкі «ойын тәртібі». Кейбір елдерде партия ұсынған тізімнің ретін сайлаушының өзі белгілейтін игі дәстүр бар. Қалай дегенмен, дауыс беру нәтижесінде партиялардың пайыздық үлесін Хэйр және д’ Онд тәсілімен анықтау тиімділік әкелетін сияқты. Ал болашақ Мәжілістің «қаны» қаншалықты жаңаратынын алдағы сайлау көрсетеді.
Құбаш Сағидоллаұлы
"Айқын" газеті
|