| 27.07.2007 - Халық Қаһарманы, ғарышкер-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров: Мен саясатты қойдым... |
|
– Өткен Парламентте өзара пікірлесетін, қарапайым халықтың мүддесін қорғаймын дейтін саусақпен санарлық азаматтар болды. Ал енді, жасыратыны жоқ, қалғандары дейікші... көпшілігі, жоғарыдан не айтады деп, соған алаңдап отыратын... Бәріміз бірдей болуымыз керек еді, мысалы: үлкенге де, кішіге де, байға да, кедейге де дегендей... Көңілімнің толмай қалған жері сол, бірнеше заң қабылданып кетті, байлардың мүддесіне...
Халық Қаһарманы, ғарышкер-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров: Мен саясатты қойдым... – Тоқтар аға, Парламенттегі кешегі әріптестеріңіздің бірқатары көңілі қалаған партиясын таңдап, депутаттыққа тіркеліп алды. Ал сіздің тым-тырыс жатқаныңыз қалай? – Мен бір рет партия қатарында болғанмын. Ол – Кеңес Одағының Коммунистік партиясы. Уақыт кезеңіне қарай құбылып, өз пікірімді, өз сенімімді өзгерте алмаймын. – Партиялар тарапынан шақырулар болды ғой? – Болды. Рақмет. Мен айтып отырмын ғой... екі жақты да қолдаймын. Себебі екі жақта да қазақтың жүрегі таза азаматтары жүр. Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік тұрмыстық саласын, экономикалық жағдайын қайтсек көтереміз деп жүрген азаматтар. Былай ғой... оппозиция деп қаралау жөн емес. Олар бар болғаны атқарылып жатқан жұмыстарға ғана оппозиция. Әйтпесе, олар да біздің еліміздің тең құқылы азаматтары. – Парламент тараған соң, сізге қызмет ұсынылды ма? – Елбасының атынан маған қызметтер ұсынылды. Бірақ менің Үкіметтің жұмысына барғым келмей тұр. – Қазақстан тарихында Парламент мезгілінен бұрын үш рет тарады. Мерзімінен бұрын қызмет тоқтату сізге де оңай түспеген шығар? – Иә, ол рас. Мен Қазақстан Парламентінің тарихында осымен үш рет сайлауға қатыстым, үш рет халық депутаты атандым. ХІІ шақырылған... ХІІІ шақырылған.... енді міне, мынау соңғысы (күлді), төртінші рет баруға құлқым да жоқ. Ђйткені қайдан білейін, әйтеуір, мен барған Парламент тарап кетеді... – Өткен Парламент өтті, Тоқтар аға, көкейде қандай түйткіл қалды? – Өткен Парламентте өзара пікірлесетін, қарапайым халықтың мүддесін қорғаймын дейтін саусақпен санарлық азаматтар болды. Ал енді, жасыратыны жоқ, қалғандары дейікші... көпшілігі, жоғарыдан не айтады деп, соған алаңдап отыратын... Бәріміз бірдей болуымыз керек еді, мысалы: үлкенге де, кішіге де, байға да, кедейге де дегендей... Көңілімнің толмай қалған жері сол, бірнеше заң қабылданып кетті, байлардың мүддесіне... – Республикалық «Айқын» газеті өткен жылдың қорытындысы бойынша сізді ең табанды депутат деп бағалады... – Оқырман халыққа, журналистерге рақмет. Ол менің жұмысыма берген баға деп қабылдаймын. Егер «Айқын» Парламент мүшелерінің барлығына бірдей дәл сондай баға беретіндей жұмыс атқарғанымызда, сөз жоқ, біздің қабылданған заңдарымыз баяғыда-ақ халықаралық дәрежеде қолданылып, ал өзіміз әлемдік мәртебедегі Парламент санатына қосылатын едік. Өкінішке қарай, ол биікке шыға алмадық. – Сайлаушыларыңызбен қоштастыңыз ба, кешіріңіз... Ресми түрде соңғы кездесу өткіздіңіз бе? – Парламент үйінде біздің комитет қана жиналып, соңғы рет бас қосты. Бір-бірімізге рақмет айттық. Жақсы болсын, жаман болсын, бірлесіп халық үшін қызмет атқардық қой... Басқа комитеттер жиналған да жоқ... Мен өзімді Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттығына сайлаған Қызылорда қаласынан кеше ғана оралдым. Үлкен мәслихат жасап, шай бердім. Рақметімді айттым, әр кезде де сенімдерін ақтауға тырысқанымды алға тарттым. Қазақшалап айтқанда, ол жердің тумасы да емес едім. Бірақ азаматтар маған сенім артты, бір кісідей қолдап, сайлады. Басымды иіп, рақметімді айтып, алдағы уақытта депутат болмасам да, олардың, халықтың мүддесі үшін қызмет етуге уәде бердім. – Туған күніңіз құтты болсын, Тоқтар аға! – Рақмет, айналайын, рақмет!. – Мүшелден шықтыңыз ғой... Негізі, қазақ атам мүшелге ерекше мән береді. «Сақ болсаң, сақтаймын» дегендей... Ғалымдар адам организмінің осы кезеңде байқаусыз ғана әлсіреп, қорғансыз болатын кезеңдерін де жоққа шығармайды.. Өз басыңыздан ондай жайтты байқамадыңыз ба? –Шынында, шынын айтайын... халық данышпан. Ондай болады екен, байқадым... – «Айналайынды» жиі айта бастадыңыз. Ата болғаныңызды мойындадыңыз ба? Қалай, немереңіз Сапия өсіп жатыр ма? – О, ата болған деген ғажап, бір сөзбен айтып жеткізе алмайсың оны. Кішкентай ғана, құртақандай бала «ата, ата...» дегенде жүрегің аузыңнан шығып кете жаздайды екен. Тәубе, Аллаһ Тағала осындай қызық өмір бергені үшін. «Ата» деген атаққа жеттік. – Таня жеңешеміздің көңіл күйі қалай? – Жақсы. – Тимур үйленемін демей ме? – Жо-оқ, бұл айналайын деген, үйленбеді. Мені қиналтатыны да сол Тимурдың бойдақ болып жүргені, отызға келеді биыл, Алла жазса. Өзі бір орайын, сәтін күтіп жүр ғой деймін... – Тоқтар аға, сонымен енді, шынымен саясатты қоясыз ба? – Саясатты қойдым. Депутаттықты... – Сәйгүліктер қалай? – О, олар менің ең жақын сырласымдай ғой. Көрген жерден қасыма жетіп келіп, сүйкеніп тұрып алады. Өзге адамдарға олай етпейді. Жақсы көрсең, жылқы өте сезімтал ғой жануар, олар да сондай ілтипат көрсетеді. – Тоқтар аға, сіз осы балық аулайсыз ба? – Жо-оқ! – Сіздің республикамызға еңбек сіңірген спорт шебері екеніңізді жұрттың көбісі біле бермейді... – Спорттың көп түрімен айналыстым. Оның дені авиацияға байланысты. Қаншама рекордтар жасадық қой, тіпті саны жоқ... Соның ішінде авиацияға жылдамдығы жағынан ең жақыны – тау шаңғысы спорты. Сол жайттарды ескергені шығар, кезінде Спорт министрі Темірхан Досмұхаметов «Еңбек сіңірген» деген атақты тапсырған. – Есік алдында СТ-2К тұр ма... ұшағыңызды айтамын! Қашан ұшамыз, сіз уәде бергенсіз?.. – Қашан келесің? Қорықпасаң, ұшамыз. Мен дайын... (Сұхбат телефонмен алынды)
Талғат СҮЙІНБАЙ
"Айқын" газеті
|