Жаңалықтар     
 
 

 
 
 
Iздеу  
СIЛТЕМЕЛЕР  
-
«АЗАТ» Қазақстанның Демократиялық Партиясы / Жаңалықтар / 27.07.2007 - Жеті партия халықпен интернет желісінде кездеседі
27.07.2007 - Жеті партия халықпен интернет желісінде кездеседі
  Версия для печати

Өткенде Елбасының өзі бастап, интернет-конференция өткізгеннен кейін ғаламторда салынған осы соқпақпен жүріп өтуге құмартушылар қатары елімізде көбейе бастаған. Білуімізше, алда Премьер Кәрім Мәсімов те өзінің Үкімет басына келгеніне жыл толар күні ғаламтор төрінде қонақ болып кетуге қамданып жатқан көрінеді.

Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы да бұл үрдістен шет қалмауға шешім қабылдағаны мәлім. Осылайша, ұлы доданың думаны интернет «көшелеріне» де келді. Кеше ОСК-нің бұл шарадағы бас көмекшісі Ақпараттандыру және байланыс агенттігі өзінің жүз пайыз әзірлігін жариялады.
Сонымен, алдағы аптаның сейсенбісінде парламенттік үлкен бәйгенің жүлдесінен дәмелі жеті партияның басшылары жұртшылықтың өздерінен көптен сұрағысы келген, бірақ бата алмай жүрген сауалдарына жауап беруді бастамақ. Олардың интернетті пайдаланушылар алдында тапсыратын «емтиханы» 8 тамызға дейін жалғасады. Тартылған жеребеге сәйкес бірінші жауап беру жауапкершілігі Қазақстанның «Патриоттар» партиясының мойнына түскелі отыр. Одан кейін, 1 тамыз күні ғаламтордағы мінберге «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы көтерілмек. Оның артын ала, 2 тамызда – Қазақстан коммунистік халықтық партиясы, 3 тамызда– «Ақ жол» демократиялық партиясы, 6 тамызда – «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, 7 тамызда – «Руханият» партиясы шықпақ. Интернетті мекендеушілер алдында есеп беру рәсімі 8 тамызда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиямен тәмамдалады.
– Уақыт әлі бар. 30 тамызға дейін әрбір тілек білдіруші интернеттегі www.e.gov.kz адресі бойынша Электрондық Үкімет порталы арқылы саяси партиялардың басшыларына өз сұрақтарын жібере алады, – деп сендіреді Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев. – Бүгінгі күнде еліміз бойынша 460 ақпараттық дүңгіршек, яғни ғаламторға қоғамдық қол жеткізу қосындары жұмыс істейді, міне, солардың көмегімен партия жетекшілеріне көңілдеріңізді мазалаған сауалдарыңызды жолдай аласыздар. Біз осындай қадамға бару арқылы ел халқының алдағы сайлауда белсенділік танытуының біз үшін маңызды екендігін аңғартып отырмыз. Агенттік басшысының айтуынша, ақпараттық дүңгіршектер, негізінен, облыстардағы әкімдік ғимараттарында орналаспақ. Ал Астана тұрғындары мұндай қосындарды Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімдіктерінен таба алады. Өкінішке қарай, бұл мүмкіндіктен ауыл халқы тағы да шет қалмақ. «Ауылда кімнің үйінде интернетке қосылған компьютер болса, сол үйден шығуға болады ғой...» деп жалтарды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-тың вице-президенті Сәкен Сәрсенов. Демек, бұл жерде ауылдықтардың дауысынан үмітті партияларға интернет кеңістігімен шектелмей, ел аралап, біраз тер төгуге тура келетін сияқты.
Агенттіктің мәліметінше, әзірше партиялар атына жүзден астам сауал келіп түскен. Бір қызығы, қоржындарын сұраққа толтыру жөнінен барлық партия әзір тең дәрежеде екен. Яғни еліміздегі электорат саяси додаға қатысушылардың бәріне бірдей қызығушылық танытып отырғандай. Мәселен, «Қазақстанда ұлттық идея бар деп ойлайсыз ба?», «ДСҰ-ға кіру бізге қандай пайда әкеледі» деген секілді бірнеше сауал барлық партия «адресіне» қатар жолданыпты.
– Біз келіп түсіп жатқан сауалдарды сараптап, сүзгіден өткізбейміз, әр партия қай сауалға жауап беретінін өздері таңдайды, – дейді Қуанышбек Есекеев. – Олардың бәріне бірдей уақыт – бір жарым сағат бөлініп отыр, осы уақыт ішінде олардың өз аттарына келіп түскен сұрақтардың бәріне де жауап беруге мүмкіндігі бар. Немесе өздеріне ұнағандарын ғана таңдап алуы мүмкін. Қайталап айтамын, тақырып бойынша шектеу, оларды іріктеу – біздің техникалық мамандардың міндетіне кірмейді. Біз тек технологиялық жарақталған мінбер ұсынамыз.
Әйткенмен Есекеев мырза қанша жоққа шығарғанымен, белгілі бір дәрежеде цензураңыз бар болып шықты. «Әрине, шектеу болады, – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-тың вице-президенті Сәкен Сәрсенов. – Боқтық, былапыт немесе жәбірлеуді, кемсітуді мақсат тұтқан пікірлер мен сұрақтар тізімнен бірден алынып тасталынады. Мәселен, жүз сұрақтың ішінде осындай сипаттағы бес-алтауы болды. Оны біздің модераторлар бірден жойып жіберді». Алайда електен өткен сауалдардың өзі саяси партиялар көшбасшыларын біраз састыруы ғажап емес. Мәселенки, «Ауыл» партиясының басшысына: «кандидаттарыңыз арасында сауыншылар мен қойшылар неге жоқ?», «ауылда екі күннен артық болған кезіңіз соңғы рет қашан болып еді» деген сауалға жауап беруге тура келмек. Интернетті пайдаланушылар «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы» жетекшілерінен: «Партия алтыны қайда?» және «Ленин мен Сталиннің бейнесі қазір қаншалықты құрмет пен сыйға ие? Жаңа көсемдер табатын кез жеткен шығар» секілді сұрақтардың астына алса, «Руханият» жетекшісі Алтыншаш Жағановадан оралман ағайындар: «оралмандардан неге бір кандидат араларыңызда жоқ?» деп сұрайды. Бұл жерде «Патриоттар» партиясына мынадай екі сабақтас сауал келіпті: «Басқа партияларда сіздермен салыстырғанда, ұлтжандылығы кем жандар отыр деп санайсыздар ма?», «Патриоттың қазақшасы қалай? Аты басқа, заты бөлек болудың керегі қанша? Сендер, шынымен, патриотсыңдар ма?». Ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» басшылары мынадай тілек-ұсыныс алған: «Меніңше, сіздер өз PR-кампанияларыңыздың тактикасын өте сәтсіз таңдағансыздар. өте долы, ызақор роликтер, қарапайым тобырдың ең жиіркенішті сезімдерін оятуға бағытталған, плакаттарда партия лидерлері құшақтасып тұр, қысқасын айтқанда – «90-жылдардағы Ресейден сәлем!» Ақша да, адамдар да бар ғой сіздерде. Сайлауға ерте әзірлену керек емес пе?!».
Ғаламтор кеңістігінде еркін жүзген жандар «Нұр Отанды» билік партиясы ретінде биліктегілердің іс-әрекеттеріне жауапты партия деп санайтындай. Сондықтан, негізінен, арыз-шағымдармен жүгінген. «Сіздің партия мектептер мен балабақшалардағы қазақ тілін оқыту проблемасын қалай шешпек, – деп сұрайды Надежда есімді әйел. – Менің балам үшінші сыныпта оқиды, оларда бір жылда үш мұғалім ауысқан. Бұл не масқара?! Мен өзімнің ұлымның өзі тұратын елдің тілін білгенін ынты-шынтыммен қалаймын. Сондықтан біз репетитор жалдадық. Бірақ бәрі мәнсіз болып тұр. Жарамды бағдарлама мен әдістемелік оқулықтар жоқ. Біле білсеңіздер, бұл – үлкен проблема. Халық тілді үйренгісі келмейді деген барып тұрған жала-өтірік. Біз соны қатты қалаймыз, бірақ Үкімет жағдай жасамаған. Мемлекеттік тілді оқыту бойынша сіздің партия қандай нақты шаралар қарастыруда? Осыны білгіміз келеді...»
Сонымен, алдағы сейсенбі күні аламан доданың дүмпуі ғаламтордан естілмек. Бұл сөз додасын «Қазақ радиосы» тікелей таратуды жоспарлауда. Ал мәтін күйдегі жауаптармен интернеттегі Электрондық Үкімет порталынан танысу техникалық әлеуетке байланысты тек кешке таман мүмкін болмақ.



Айхан ШӘРІП "Айқын" газеті