| 27.07.2007 - Кандидаттар түс көріп жүр |
|
«Кандидат қандай түс көруші еді? Әлбетте депутат болсам демей ме?! Оның үстіне бұрын депутат болса», – деп кезінде Мәжіліс депутаты болған бір ағамыз біздің сауалымызды қағытып тастағандай болды.
«Депутат шекпенін» киіп үлгерген мұндай ағаларымыздың түсіне қарағанда, тұңғыш тіркелген «сарыуыз, үрпек бас» үміткерлердің арыны төмендеу тәрізді. Біз депутаттыққа үміткерлер арасында «Кандидат қандай түс көріп жүр?» деген сауалнама жүргізіп, олардың түсін мұсылманша жорып беруге тырыстық. Саяси аламанға қайта қосылған Бекболат ағамызға хабарласқанымызда, ол кісі: «Түс көретін шамам жоқ, таңертеңнен кешке дейін қауырт жұмыс. Өзіне сенімсіз адамдар түсіне сенетін шығар, мен түстен гөрі бағдарламама сенем. Оның үстіне түс – Құдай мен адам арасындағы бір сыр. Оны шашыратып айта бермейді» – деп жауап берді. Амалбек ағамыздың былайғы өмірде ұйқысы тыныш болса да, соңғы кездері ұйқысы қашыпты. Ол кісі былай дейді: «Кешегі түсімде мен тура маған ұқсаған кішкентай баланы көрдім. Енді менен айнымайды, маған жымиып қарап тұр. Бала кезім еріксіз есіме түсіп кетті. Бұл түсті көріп қуандым. Құдай қаласа, партиямыз жас болған соң, сайлауда жеңіп шығармыз», – деді. Әлихан ағамыз жақсы түс көрсе керек, не көргенін ашылып айта қоймады. «Қазақтың баласымыз ғой, атам заманнан бері халқымызда көрген түсті жария етпейтін дәстүр бар. Бірақ түнде көретін түсім өңімдегі арманыма ұқсас. Ол – заң алдында теңдік орнап, елдегі барлық азаматтардың еңбегінің бағалануы, имандылық пен ізгіліктің сақталуы», – деді. Біз сәл қолқалағаннан кейін ағамыз сілкініп алып: «Түсімде әке-шешемді көрем. Туған ауыл, балалық шағым елестейді», – деп, сағыныш сезіміне бөленгендей болды. Ерасыл ағамыз түске сенбейді екен. «Түсім бе? Есте қалмайды. Бір құлағымнан кіріп (!), бір құлағымнан шығады» – деп қысқа қайырды. Бірақ ойлана келе: «Біз бұрынғы заман қайта оралса екен дейміз. Сонда барлығы тең болады, шіріген байлардың көзін құртамыз, кедейшілікті жоямыз», – деп әңгімесін аяқтады. Саяси додаға алғаш рет түсіп отырған Исраил ағамыздың ұйқысы тыныш болса керек. «Өзім түс көрмеймін, бірақ менің шығармашылығымды ұнататын қарындастарымның бірі менің көлікке мініп, авторлық кешіме бара жатқанымды түсінде көріпті. Өзім мұны жақсылыққа жорыдым. Тұлпар, көлік міну – жақсылықтың нышаны ғой», – дейді. Ал кандидат Людмила ханым: «Өмірімде мұндай сұрақты естімеппін» – деп, езу жимай әбден күліп алды да: «Ұйықтауға уақыт жоқ, бірақ көз ілсем, бір ізденісте жүргендей боламын» – деп бір қайырды. Саясатқа араласқанына айтарлықтай уақыт болған ол: «Біздің оппоненттеріміздің де түсі біздікіне ұқсас шығар. Олар да түсінде бюллетень мен сайлаудың ашық өтетінін көретін шығар. Дегенмен де, бәрінің де түсіне жеңіс кіреді ғой», – деп әңгімесін аяқтады. Саяси додаға қайта түсіп жатқан Нұртай ағамыз ел аралап жүр екен. «Түсімде халықтың бізді қолдап, шын жүректен біздің партиямызға дауыс беріп жатқанын көремін. Бірақ араларында бізге қарсы қол көтеріп тұрған бірен-саран адам байқалады. Ал былайша елді қалай аралап жүргеніміз түсіме кіреді» деп, шынын айтты. Атақты Ибн Сирин жазбалары бойынша осы тәріздес түстерді былай жоруға болады екен. Жымиған бала – сәттілік, жағдайдың жақсаруы, жақсы дос, денсаулық.
Көлік мінсеңіз – не өсесіз, не өшесіз. Белгілі бір кезеңнен екінші кезеңге өтесіз, жақсы өзгерістер күтіп тұр. Ауылда қалсаңыз, жақсылық болмақ, ауылдан кетсеңіз, жамандық болуы мүмкін. Сондай-ақ: Көпір – билік, патшалық ету. Азан естісеңіз, қажылыққа барасыз. Жаңбыр – ырыс-береке әкеледі. Далада жалғыз жүрсе, адам кәсібінің игілігін көреді. Дария, көл – патшалық пен билік. Жалпы айтқанда, оппозицияның да, билік өкілдерінің де ұйқысы аса тыныш емес тәрізді. Сайлау алдындағы аламанға орай бір алаңдаудың бары рас. Ол табиғи құбылыс болып табылады. Кандидаттар түсінде – депутат болып жатса, ол да табиғи. Ал оның өңінде кім боларын алдағы сайлау көрсетеді.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА
"Айқын" газеті
|